ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА 600 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

319

Түркістан қаласы жыл сайын халық саны ұлғайып келе жатқан қалалардың бірі. Әсіресе, облыс орталығы атанғаннан кейін қалаға көшіп келушілердің саны да күрт артты. Осы орайда бала санының өсуі де заңдылық. Бұл мектептеріміздегі орын санының жетіспеушілігіне де әсер етпей қоймады. Қазіргі таңда қаламызда жалпы білім беретін 34 мектеп болса, 4 мектеп үш ауысымда оқытылуда. Солардың бірі — «Бірлік» мөлтек ауданында орналасқан Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектеп.

Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектеп қаламыздағы тарихы терең білім ошақтарының бірі. 2012 жылға дейін 1960 жылдары асар жолымен салынған ыңғайластырылған мектеп ғимаратында оқып келген оқушылар 2012 жылы мемлекет тарапынан салынған 300 орынды жаңа мектепте оқытыла бастады. Дегенмен, оқушысы бірнеше есе көп мектепке бұл ғимарат та тарлық етті. Қазіргі таңда 1700-ден астам оқушы үш ауысымда білім алуда. Сондықтан 2010 жылы апатты деп танылған ескі ғимаратты да пайдалануға мәжбүр болып отыр.

Жуық арада, яғни Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл мәселе де шешілуге жақын. Мөлтек ауданнан асар жолымен салынған қосымша ескі мектеп ғимараты жанынан кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 600 орынды мектеп ғимаратын салып отыр. Бұл орайда да бізге жеке кәсіпкерлеріміз көмектесіп отыр деуге болады. Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығы қарсаңында ашылуы болатын «Арман — М School» мектебіне Е.Иззатуллаев атындағы мектептен 600 оқушы ауысып, сабақтарын жаңа мектеп ғимаратында жалғастыратын болады.

Бүгін аталған мектепте болған Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен, оқушыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Жеке кәсіпкерлер Тәжібек Мұсаев пен Ержан Мұстапаевтар мектеппен толық таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мектепте жайлы сыныптар мен асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медицина бөлмесі сияқты маңызды бөлмелермен қамтамасыз етілген. Сонымен қоса, жеке пәндерге арналған арнайы кабинеттер де жабдықталуда. Мектеп ғимаратын 15 желтоқсан күні пайдалауға беру жоспарланып отыр.