“ТҮРКІСТАН-ТӘУЛІК САЙЫН ТҮРЛЕНІП ЖАТЫР…”

449

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ”Жаңа Қазақстан, жаңарған Қазақстанның” жарқын бір үлгісін көне Түркістаннан көруге болады. Исі мұсылманның мақтанышына айналған киелі Түркістан тәулік сайын түрленіп жатыр. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков  10 айды қорытындылаған есебінде көз қуантар көп істер атқарылғанын бұқаралық ақпарат құралдарына арнап өткізген баспасөз мәслихатында баяндады. Кешегі Түркістан мен бүгінгі Түркістанның  өсіп-өркендеуі, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму сатысы арасында  едәуір артықшылық бар. Түрістанның маңдай алды мақтанышы, туризмнің тірегі-Әзірет Сұлтан кесенесі екені рас.

Негізінде, сонау өткен жылдардың өзінде ежелгі Түркістан қаласы әуелі «Әзірет Сұлтан» кесенесімен әлемге әйгілі болғаны белгілі. Кеңес жылдарының өзінде қаламызға жан-жақтан келген қонақтар алдымен кесенеге тәу етіп шығатын. Ол кездері мектеп қабырғасында тұлымы желбіреп жүрген біздерге сырттың адамын көрудің өзі ғанибет болатын. Еске сала кетейік, 1992 жылы дүние жүзі қазақтарының қатысуымен өткен құрылтайға Түркия, Норвегия, Моңғолия т.б. көптеген елдерден өкілдер қатысты. Құрылтайға қатысушылардың біздің халқы санаулы Түркістанға Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрулары, поездан түскенде бірін-бірі танымаса да, қазақ пен қазақтың бірін-бірі құшағына басуы, сондағы қуаныштан бал-бұл жанған жүздері – құшақ жая қарсы алған ата-анамыздың қасында жүрген біздердің әлі күнге дейін көз алдымызда. (Бір норвегиялық қазақтың сыйлыққа алып келген қабырға сағаты марқұм әжемнің төрден орын алған ең қымбат дүниесі болатын).

…Ал бүгінде?! Бүгінде, Аллаға шүкір, қала келбеті көз алдымызда көркейіп келе жатыр! Рухани астана деген атауды ұлықтап жүрген түркістандықтар үшін кішкентай қаламыздың ойламаған жерден облыс орталығына айналуы айды аспаннан бір-ақ шығарғандай болды. Өткен жылдың маусымынан бері аз ғана уақыттың ішінде қарқынды жұмыстардың, түрлі жобалардың басталғаны бірден көзге ұрады. Әсіресе кесенеге зиярат етушілердің нөпірі артқаны айрықша аңғарылады. Туристердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан бастап көптеген киелі өңірлерге деген қызығушылықтары ерекше. Тарихи мәдениетімізбен танысу үшін зиярат ететін туристердің арқасында туризмнен түсетін қаржылай табыстың да артқаны сөзсіз. Реті келгенде айтып өткеніміз абзал, жуырда Қазақстандағы туризмнің халықаралық беделін арттыру, елімізге шетел азаматтары келгенде олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету және оларға қажетті мәселе бойынша нақты ақпарат беріп отыру мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде жаңа туристік полиция да құрылды. Аталмыш бөлім Түркістан облысы Полиция департаментінің негізінде көші-қон полициясы басқармасының жанынан орын тепті. Туристік полицияның туризм саласы беделін арттыру, тыныштықты сақтау, түрлі қауіп-қатердің алдын-алу бойынша міндеті айрықша. Ал біздің қала халқының міндеті — күллі әлемге паш етіп көрсететін орындарымыздың соған сай қауіпсіз, таза, мәдениетті, әдемі етіп ұстау. Осы орайда Ясауи кесенесінің күрделі жөндеуден өтуінен бастап толассыз жұмыстарына ұдайы көмек көрсетіп тұратын бауырлас елдердің бірі Түркия екенін ұмытпауымыз қажет. Ал кесенемен аттас қазақ-түрік университеті түркі тілдес елдердің мақтанышы десе болады. Өткен жылдың күзінде Түркияның астанасы Анкарада өткен қазақстандық-түркиялық бизнес форумда жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көлемі 625 млн. АҚШ долларын құрайтын меморандумдардың түзілуі екі ел арасындағы ынтымақтастықты тағы да дәлелдей түсетіндей және де бұл ауыз толтырып айтатын жаңалықтардың бірі екені даусыз.

Расында «Әзірет Сұлтандай» киелі кесенесімен күллі әлемге танылған, әлем назарын өзіне аударған Түркістанда тәу етер орындар жетерлік. Байқайсыз ба, барлық өңірдің өз мақтанышы, өз кәсібі, қайсыбір салада өз жетістіктері болады. Мәселен, біздің қаламыз айтыларда немесе жазыларда міндетті түрде алдына «қасиетті», «киелі», «тарихи», «ежелгі» деген сөздер жиі қосылады. Мұның өзіндік себебі де бар. Яғни қасиет пен құт қонған киелі жерлері, тәу етіп кетер қастерлі орындары, соғыста жанын қиған батырлары мен аңызға арқау болған тұлғалары жерленген тарихи орындары мол, осылайша тарихы тереңде жатқан ежелгі қала болса керек. Ия, бізде киелі орындар өте көп, оған алыс-жақыннан ат арылтып келушілер, яғни туристер нөпірі артуда. Тіпті тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы  «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасына Түркістан облысының өзінен 24 нысан енген екен. Олардың барлығына саяхаттап шығар болсаңыз өңірдің қаншалықты киелі және тылсым екеніне тағы да бір көз жеткізуге болады. Ендеше осынау қасиетке, әр адамға үміт ұялатар сенімге тұнып тұрған мекендер жайлы аз-кем айта кетейік.

Айналасына шапағатын тигізіп, мәңгі ел есінде қалған аяулы аналарымызға арналған тарихи ескерткіштің бірі – Түркістан қаласынан Шәуілдірге шыға беріс жолындағы Гаухар ана кесенесі.

Ел аузында қалған аңызға сүйенсек, Гауһар ана ХІІ ғ. өмір сүрген, ғұлама Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қызы болған. ГауҺар ананың баласы болмаған, бірақ бойына ерекше емшілік қасиет дарыған жан екен. Соның айғағы ретінде кесене айналасында емдік қасиеті бар су ағады. Дертіне ем іздеп келген, бала көтере алмаған жандар осы киелі мекеннен медет етеді. Ниет еткен жанға емі дарып, бойына бала бітіп, асыл арманы орындалған соң, «ол балалар – сенің де балаларың» деген ұғыммен Гауһар АНА деп аталып кеткен деседі. Аңыз Ана дүниеден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деген аманаты болған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһим халықтың қазған құдығынан рұқсатсыз су алғаны үшін олар кетпенмен шауып өлтірген екен. Жазықсыз жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың бейіті жатыр. Бүгінде «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының құрамына діни ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014-2015 жылдары осы мұражайдың қолдауымен Гаухар ананың басына кесене тұрғызылды. Бүгінде кесенеге ниет етіп келсеңіз, емге шипа болған суға алыс-жақын жерлерден зиярат етіп келушілерді көптеп кездестіресіз. «Әркімнің өз мақсат-ниеті, тілегі бар. Гауһар анамыз тегін адам болмаған. Қаншама басына тәу етіп келген адамдар шипа судан айығып, балалы болып жатқандар бар. Арасында аяғы ауыр келіншектер келіп сәбиіміз иманды, ниеті түзі, білімді, қадірлі болсын деген сеніммен су ішіп, суына түсіп кетіп жатады» дейді сол жердің имамы Оразғали аға. Біз барғанда таң қалдырған нәрсе, ол – тұп-тұнық тыныштық. Адам қанша көп болғанымен, киелі орынның бір сәтке сенің бойыңа сыйлайтын жан тыныштығы, денең босап, ерекше демалып қалғаныңды байқайсың. Тылсым күштің барына таңданбай қайтпайсың…

Қызықты мәліметке толы келесі сапарымыз — Түркістан қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан, аңызға сүйенсек дінге беріктік, имандылық, сенім, ержүректік, өжеттік жайлы жырланатын, тылсым табиғатымен өзіне баурайтын Үкаш ата кесенесіне келіп тіреледі. Аты аңызға айналған кесенеге әдемі әспалт жолмен жарты сағатқа жетпей-ақ жетуге болады. Қабір басындағы кесене тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған.

Зиярат етушілерді қарсы алып, әулиеге құран бағыштап, көпшілікпен ғибратты әңгімесімен, аңыз-әфсанамен бөлісіп отырған шырақшы – Шамшиддин Садиллаұлы. «Өздеріңіз естіп келіп отырғандай, халық арасында тараған аңыз-əфсаналарда ислам дінін таратушы тұлға Үкаша баба хз.Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы, замандасы, мұcылмандардың əскери қолбасшысы ретінде танымал. Оны ешқандай жау жеңе алмаған, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, мерген, білекті, көрікті болған деседі. Алайда жаулары айлалықпен оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын жан-тәнімен беріліп оқыған кезде әлсіз болады екен. Оны білген жауыздар Үкаша ата таң намазын оқып отырған сәтте басын қылышпен шауыпты. Алланың құдіретімен жансыз басы періштенің көмегімен екі қырдан асып жоғары қарай домалайды. Сол жер қақ айырылып құдық болып сахабаның басы сол жер асты өзен арқылы Меккеге жетіпті. Әулиенің 23 метрдей жерге қаны шашырап, қаны аяқ асты болмасын деген ниетпен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған. Бүгінде бұл жер түркі жұртының мінәжат ететін орнына айналған. Үкаша ата құдығына келер болсақ, зиярат етушілердің көбісі құдықтан су шықпаса, күнәсі болғаннан деп түсінеді, ал тағдырындағы жақсылықты я болмаса сәтсіздіктерді құдықпен байланыстырады. Олай қате түсінуге болмайды. Несібе-ризық Алладан екенін естен шығармаңыздар!» — дейді шырақшы…

Ал енді, Түркістан облысының киелі өңірлеріне зиярат етуге шыққалы жатқан туристерге Бабтардың бабы – Арыстан баб кесенесі жайлы айтпай кетпеуге болмас. Деректерден білуімізше, Арыстан баб ұлы ғұлама Қожа Ахмет Яссауиге 16 жыл ұстаз болған. Қожа Ахмет Яссауи өз «Хикметтерінде» Арыстанбабты ұстаз ретінде қадірлейтінін атайды. Арыстанбаб ХІІ ғасырда Отырар маңында өмір сүрген, дүние жүзіне көптеген саяхаттар жасаған. Ол әртүрлі діни ағымдарды зерттеген. Саналы ғұмырын сопылық мағынадағы исламды уағыздауға арнайды. Ахмет Яссауи өзінің «Диуани Хикмет» кітабының тоқсаныншы тарауында Арыстан баб уағыздары туралы жазады. Аңыз бойынша Арыстанбаб 400 жыл өмір сүріп Мұхаммед Пайғамбардың серіктесі болған деседі. Пайғамбар «400 жылдан кейін Ахмет есімді мұсылман дүниеге келетіні және аманат ретінде оған оның табағынан құрманы беру қажеттілігі» жайлы айтып кеткен. Арыстанбаб аманатты орындауға өзі тіленіп шығады да «Егер Алладан 400 жыл ғұмыр сұрап берсеңіз, мен құрманы апарып берем» деген екен. Ол уәдесін орындап, Қожа Ахмет Яссауиге Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан қалған құрманы сақтап жеткізген екен. Қожа Ахмет Яссауи 23 жасқа толғанда ұстазы Арыстан баб дүниеден өтіп, Отырар маңына жерленеді. Ескерткіш неше рет құлап, қайта тұрғызылып, күрделі жөндеулерден өтеді. 1909 жылы көне кесененің орнына жаңа мешіт пен кесене бой көтереді. Ескерткіш барша мұсылмандардың ғибадат ету орнына айналады. Қазіргі кезде Арыстанбаб мазарының үстінде алаңы 35х12 метр кесене тұр. Ол күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимарат үлкен күмбезді дәлізбен біріктірілген екі камералы қабірден және бата оқитын мешіттен тұрады. Бүгінгі күні бұл құрылыстан тек айванның қашалған ағаш бағаналары ғана қалған. Және мұнда емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар.

Міне, осылайша, бірқатарын айтып өткеніміздей, тарих пен аңыз-әфсаналарға толы Түркістанда шоғырланған көптеген киелі орындарды зиярат етіп келушілер саны жылдан жылға артуда. Сондықтан тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау туралы тың мәселелер де біраздан бері қолға алынуда. Осы орайда айта кетейік, жақында Ясауи университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік — мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты отырысы болып өтті. Онда тарихи-мәдени мұраны қорғау және оны ауқымды түрде танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралған болатын.

Еліміздің тарихы терең туризм орталығы саналатын Түркістанның туристерді көптеп тартуға мүмкіндігі айрықша деуге болады. Өйткені қаламыз халықаралық көлік магистраль желісінде орналасқан. Теміржол, көлік жол қатынастары біртіндеп реттелуде. Облыс орталығы атанған қаланың инфрақұрылымына басты назар аударылуда. Осы мақсатта 93,89 шақырым құрайтын 5 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жол мәселесі қашаннан келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі екені белгілі. «Жолдың жайын жүрген біледі» демекші, бұл тақырыпты тілге тиек етпеген тілші жоқ шығар. Десе де ауылдан ат арылтып келетін ағайынның да, күнделікті бір жолмен жүріп өтетін жолаушының да тілейтіні жолдың жақсы болуы, жол жақсы болса межелі жеріне аман-есен жетіп алуы. Ал енді осы аталған мәселелер бұрын күрделі болса, бүгінде біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Оның дәлелі қаламыздағы салынып жатқан даңғыл жолдар. Бұрынырақта қаланың шеткері жақтарына жолың түскенде аяқ-киіміңнің лай болатыны немесе көлігіңнің батпаққа бататыны мезі етсе, қазір ондай мәселелер артта қалған. Қайда барсаң даңғыраған асфальт жол, жиілеген бағдаршам. Қазіргі таңда қалада 4 негізгі көшеге күрделі, ал 74 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қала көшелерін жөндеу мен абаттандыру жұмыстары бойынша оң жақ бұрылыстар, бағдаршамдар, жол белгілері, аялдамалар мен тротуарлар және жарықтандыру жүйесі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы тәжірибелерге сүйене отырып түгелдей жаңартылуда. Атап өтер болсақ, бүгінде Шекті Тілеу – Жібек жолы көшесінің автожолын күрделі жөндеу жұмыстары артуда. Жиынтық сметалық құны 1 063 295, 889 мың теңгені құрайтын  жол құрылысын жобалаушы мекеме «Сәт құрылыс жоба» ЖШС екенін айта кетейік. Екі шетіне лотоктар мен тротуарлар салынып, қақ ортасында гүлзарлар алаңына арнайы орын бөлінген. Және де Түркістанның Шымкенттен кіреберіс қақпасы саналатын Бекзат Саттарханов даңғылы 4 жолақтан 6 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жолдың ұзындығы — 5 шақырым. Сәуір айының басында қолға алынған кеңейту жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Алғашқы 3 шақырым жол шілденің соңында пайдалануға берілсе, қалған 2 шақырымы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

Ия, талайдан тасада қалған Түркістанның түлеп келе жатқанына міне, бір жыл болып қалыпты. Бір жылдың ішінде қаншама өзгерістер болды, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, түрлі ғимараттар мен театрлар т.б. салынып жатыр. Қарқынды құрылысқа республикамыздың облыс, аудандары ат салысуда. Ынтымақтастық пен келісімді ту етіп жасалып жатқан игі істерді тізіп өтсек, алдағы уақытта Алматы облысының әкімдігі — «Жастар сарайы» ғимаратын, Ақтөбе облысы — «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын, Шығыс Қазақстан облысы — елімізде әлі кездеспеген әуенді субұрқақ, Атырау облысы — ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражай салып беретіндерін жеткізді. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы — олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебінің, Жамбыл облысы — «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи визит орталығының негізін қаламақ. Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын Батыс Қазақстан облысы жүргізсе, Қызылорда облысы — шығыс моншасын, Қостанай облысы — Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Маңғыстау облысы – амфитеатрдың құрылысын бастап та кетті.

Тәулік сайын түрленіп жатқан Түркістанда қуанышпен жеткізер келесі жаңалықтың бірі – газ мәселесі. Бүгінде елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқан шаһар халқының қуанышында шек жоқ. Қалай қуанбасын, осыдан сәл ғана бұрын «отымен кіріп, күлімен шығатын» түркістандықтардың үйіне енді көгілдір отын кіріп, көңілдері көншіп отыр.

Міне, аз ғана уақытта осы секілді көптеген берекелі істердің атқарылып жатқанына қала тұрғындары күн сайын куә және де киелі қаланың дамуына бүкіл әлемнің көз тігіп отырғаны аян. Осыншама жұмылдырылған күш-жігер мен ынтымақтың арқасында біршама уақыт ішінде шағын шаһарды тану расында, мүмкін емес болары анық. Десе де тарихы терең, хас батырлар мен ұлы тұлғалар шыққан қасиетті топырақ, жылдар бойы рухани астана атанып келген киелі өңір осынау орасан облыс орталығы атануға, қазақ ордасына айналуға әбден лайықты болса керек…

 

Несібелі Иманқұлова

Түркістан қаласы