ЖЫЛЫЖАЙЛАРҒА КӨМІР ЖЕТІСПЕЙ ЖАТЫР
Биылғы қыс солтүстік өңірлердің жылыту жүйелерінің жетпіс пайызға дейін жылдар бойы жөнделмегендігін көрсетіп берді. Түркістан облысында да жағдай мәз емес. Облыс әкімі өткізген аппарат отырысы мен Түркістан өңірлік коммуникациялар орталығында өткізілген брифингте көптеген жағдайлардың басы ашылды.
Мәселен, Шұбаркөл көмірі кеніште 8790 теңгеден босатылса, Түркістандағы көмір базасында 16800 теңгеден сатылуда. Ал, оны тонналап алған алыпсатарлар Түркістанда тоннасын 24-25 мың теңгеден сатса, қала іргесіндегі Сауран ауданының шалғай елді-мекендеріне тасымалдау 40 мың теңгеге дейін жетіп жатыр. Әсіресе, бұдан қысқа әзірлігі жоқ қарапайым тұрғындар мен жаңадан ашылған жылыжайлардың иелері қатты зардап шегуде.
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымының өту барысы және көмір жеткізудегі өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көмір тасымалдаудағы кемшіліктер үшін бірінші орынбасарына, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына сөгіс жариялады.
– Жексенбі күні жауапты министрлік, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ және көмір тасымалына қатысы бар тұлғалармен бейнебайланыс арқылы жиын өткізіп, мәселені талқыладық. Түйткілдердің бәрі айтылды. Басқарма мен аудан, қала әкімдері өз жұмыстарын төмен деңгейде орындағандықтан халық, жылыжай иелері қиналып отыр. Сондықтан жауапты орынбасар мен басқармалар жылыжай иелерімен кездесіп, көмек беру жолдарын қарастырсын.
Аудан, қала әкімдеріне жергілікті полициямен бірге делдалдардың, алыпсатарлардың жұмысын қадағалап, заң аясында шара көруді тапсырамын. Делдалдық жүйеге жол берілмесін!
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «ҚТЖ» компаниясымен көмірмен қамтамасыз ету бойынша тиісті келіссөздер жүргізсін. Біз өз тарапымыздан келіссөз жүргіздік, көмір бар, вагондар бөлуге келісіп отыр. Жұмысты дұрыс ұйымдастырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы жылу беру мау-сымы бойынша тұрақты монито-рингтік жұмыс жүргізуді тапсырды.
Облысқа 907,6 мың тонна көмір қажет болса, тасымалданғаны – 835,5 мың тонна. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 249,2 мың тонна көмір керек болса, тасымалданғаны – 229,5 мың тонна. Бюджеттік мекемелер қажетті 142,6 мың тонна көмірмен қамтылған. Тұрғындардың көмірге қажеттілігі (жылы жайлар мен жеке тұрғын үйлер) – 658,4 мың тонна. Тасымалданғаны – 605,1 мың тонна.
Алайда, бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, жылыжайларға тағы қосымша 139 мың тонна (қаңтар, ақпан айларына) көмір қажеттігі анықталған. Қосымша жылыжайлар саны да артып отыр.
Бұл мәселенің әбден ушыққаны соншалықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ішкі нарықты әсіресе шалғайдағы елді мекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізді. Өңірлік операторлардың көмірді жеткізу жөніндегі қызметін талдауды және делдалдарсыз әлеуметтік нысандармен халыққа кен орындарынан тікелей көмірді жеткізудің жаңа тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл бағытта жұмыс жүреді. Жылыту маусымының барысы және көмір мәселесі тұрақты бақылауда.
Ауа райының күрт суытуы салдарынан өңірдегі жылыжай шаруашылықтары қиындыққа ұшырады. Жауаптылар жылыжай шаруашылығы үшін арнайы көмір бөлінбегеніне қарамастан қолдау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуын-ша, жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырма-ғандықтан қолданыстағы көмірмен жылытылатын 591,0 гектар (1058 агроқұрылым) жылыжайларға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір облысқа жеткізілді.
Жалпы жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар бол-ғандықтан 167 тауар өндірушінің 37 гектар жылыжайлары қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Сонымен қатар 9 гектарды құрайтын 3 өнеркәсіптік жылыжайдың өнімдерін үсік шалды. Ал жалпы өңірде 1500 гектардан астам жылыжай бар.
– Осыған орай, мемлекет тарапынан жылыжай тауарын өндірушілердің қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмысы да зерделенеді. Жалпы басқарма тарапынан жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары бойынша министрлікке нақты ұсыныстар жолданды. Оның ішінде жылыжай кешендерінде пайдаланылған энергия көздерінің (электр энергиясы, газ) 50%-ын субсидиялау, жылыжайларға қажетті әлеуметтік көмір отынын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы мерзімінде тікелей жеткізу жолдарын қарастыру көзделіп отыр.
Иса БЕРКІМБАЙ.