«ШАХМАТНЫЙ КАРАВАН» ОСТАНОВИЛСЯ В ШЫМКЕНТЕ

127

Бүгін «Шахмат керуені» 4000 шақырым жолды жүріп өтіп, үшінші мегаполиске келді. Керуеннің келу құрметіне орай ұйымдастырылған мерекелік шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қалалық филиалы ашылып, оның төрағасы болып кәсіпкер Сапарбек Тұяқбаев тағайындалды.

Ал Шымкенттіктер республикалық шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың арнайы видео-үндеуін тыңдады.

«Шахмат керуені» – жай ғана бір күндік жоба немесе акция емес, зиялы ұлт қалыптастыру жолындағы мемлекеттік мүдденің маңызды кезеңі. Бұл ауқымды оқиға интеллектуалдық ойынның дамуына тың серпін беріп, бүкіл ел бойынша мыңдаған отандасымызды шахмат секцияларына тартады деген сенімдеміз», – деді Тимур Русланұлы. Оның айтуынша, бұл жоба еліміздің әр өңіріндегі көзқарастары мен принциптері ұқсас адамдарды бір арнаға тоғыстырады.

Жобаның өтуіне толықтай қолдау көрсетіп отырған бас демеуші – Freedom Broker. Компанияның Шымкент қалалық филиалының өкілі Ерлан Әбдурасилов аталған жобаны қолдау арқылы Қазақстанның болашағы мен әл-ауқатын арттыруға инвестиция құйып жатқанын жеткізді.

«Осындай үлкен шаралар ұлтымыздың зияткер ұрпағының дамуына көмектеседі. Ал біз шахмат спортын жақсы көретін жастарымызды қолдау үшін күшіміз бен қаражатымызды жұмсауға әрқашан дайынбыз», – деді Freedom Broker өкілі.

Алаңда орнатылған киіз үйде қалалық іріктеуден өткен 20 адам финал үшін өзара бақ сынасты. Сондай-ақ турнирдің 10 қатысушысы жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбаймен бір мезеттік ойын ойнау мәртебесіне ие болды.

«Мені 3-4 жылдан бері осы ойын түріне шақырып тұрады. Бұл сеанста мен әр шахматшымен кезекпен-кезек ойнап шығамын. Бірі ұтуы мүмкін немесе тең түсіп те жатады. Оның өзі үлкен жетістік. Өйткені осы ойын арқылы қатысушылар өздеріне биік мақсат қояды», – дейді Әсел.

Жартылай финал қорытындысы бойынша І орынды 11 ұпайдың 9-ын жинаған Әбдіқадыр Яхияев иеленді. Ол FIDE төрешісі және Жансая Әбдімәлік шахмат мектебінде аға жаттықтырушы боп қызмет етеді.