ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ӨЗГЕРТІЛДІ

133

Олар: 2А, 4, 4А, 5, 5А, 14, 18 31, 7 маршрутты қоғамдық көліктер.

Түркістан қаласына былтыр 40 жаңа автобус келіп, 3 бағыт жаңадан ашылды.

Қазіргі таңда, жоспарға сәйкес шаһарға 10 жаңа автобус жеткізілді. Бұл автобустар №1 бағытта қатынас жасап, тұрғындарға қызмет етеді.

Бастапқыда жаңадан алынған автобустарды №6 қоғамдық көлік бағытына жүргізу жоспарланған болатын.

Осыған байланысты, жаңа автобустар №6 бағыттағы қоғамдық көліктердің жол жүру сызбасымен сынақтан (тест-драйв) өтті.

Сынақ барысында аталған жаңа габаритті автобустар жол қауіпсіздігін сақтауға кері әсерін тигізетіні анықталды.

Өйткені, автобустардың ұзындығы 10 метрді құрайды. Ал, №6 қоғамдық көлік бағытының Баянауыл, 1-мөлтек аудан аумағындағы жолы 5-6 метрден тұрады.

Яғни, маршрут бойындағы ені қысқа көшелерде қатынас жасау және бұрылу қиындықтар тудырды. Ол өз кезегінде жол қауіпсіздігін сақтауға кедергі келтірді.

Осыған байланысты, сынаққа қатысушылардың келісімімен жаңадан алынған автобустарды қолданыстағы қалаішілік №1 бағытқа жүргізіп, №1 бағыттағы қолданыстағы 8 метрлі автобустарды қалаішілік №6 бағытқа ауыстыруға шешім қабылданды.

Қазіргі таңда, қала бойынша тасымалдаушы жүзеге асырып жүрген 19 бағыттың 6-ы автобус бағыттары болып саналады. Қалғаны шағын автобус бағыттары. Қалаға жаңадан келген автобустар тасымалдаушылар есебінен алынуда. Осыған сәйкес, 2023 жылға қалаішілік №7,5,5А бағыттарындағы шағын автобустарды да жаңарту жоспарланды.