ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА 3 037 ПОЛИЦИЯ МЕН ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖАРАҚАТТАНДЫ

215
Қаңтар оқиғасында 3 037 полиция мен ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақаттанды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.
«5 қаңтардан бастап аймақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды. Бұл – қысқа мерзімде елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өкінішке орай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 037 полиция мен ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жарақаттанды. 28-іне оқ тиіп, 177-сінің сүйегі сынған. 111-і пышақталған. Көптеген қызметкерлер әлі де ем алуда», — деді министр.
Оның атап өтуінше, полиция қаңтар оқиғасы бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбісі – адам өлтіру, ұрлық, қару-жарақтың заңсыз айналымы, бұзақылық, бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары.
«20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді», — деді Марат Ахметжанов.