СЕНАТ САЙЛАУЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

333
ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда Түркістан облысы бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындысы жарияланды.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, Түркістан облысынан таңдаушы ретінде тіркелген 317 мәслихат депутатының 278-і дауыс беру бойынша бірлескен отырыста таңдау жасады. Ал, 39 депутат белгілі себептерге байланысты қатыса алмады.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, екі үміткердің ішінен Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек ең көп дауыс жинаған. Оның кандидатурасын 200 таңдаушы қолдаған. Ал екінші үміткер – Ақмұратов Мирамбек Жамаділұлына 69 адам дауыс берген. 7 таңдаушы бәріне қарсымын бөлігін белгілесе, 2 бюллетень жарамсыз деп танылған.
Сайлауда жеңіске жеткен Қадырбек Мұрат Болатұлы 1980 жылы Шардара ауданында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, Арыс қаласының әкімі лауазымдарында еңбек етті. Бүгінгі күнге дейін Жетісай ауданының әкімі қызметін атқарып келді. 2022 жылдың 12 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде өзін өзі ұсынған.