ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА: ХОККЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

228

2023 жылғы қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық хоккейшілер 3-орын үшін сайыста Жапониямен кездесті.
Құрамалар алғашқы болып есеп ашуға күш салды. Нәтижесінде 6-минутта қазақстандық Максим Мухаметов қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды. Бірінші кезеңде есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болды. Оны құрамалар пайдалана алған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан үш шайба соқты. Ойынның 22-минутында Саян Данияр есепті ұлғайтса, одан кейін Максим Мухаметов — 24, Әлихан Өмірбеков — 25, Батырлан Мұратов 38-минутта мергендік танытты. Оған 39-минутта жапониялық хоккейшілер бір шайбамен жауап қайырды.
Үшінші кезеңде қазақстандық Әли Қасенов 42-минутта гол соқса, Максим Мухаметов 47-минутта хет-триктің авторы атанды. Ал 48-минутта Данил Бутенко есепті үстемелей түсті.
Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 8:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, топтық кезеңде ел құрамасы Оңтүстік Кореяны – 5:1, Венгрияны 9:1, Ұлыбританияны 15:1, Словакияны 4:0 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасына 1:4 есебімен есе жіберді. Ал жартылай финалда Канада құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Универсиада финалында 23 қаңтар күні, елорда уақытымен 04:10-да Канада мен АҚШ құрамалары кездеседі.
Шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысқан болатын — 1995 жылы чемпиондық тұғырға көтерілді, ал 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.