ОТЫРАРДАҒЫ ОРТАЛЫҚТА 300-ГЕ ЖУЫҚ АРДАГЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛУДЕ

261
Отырар ауданында зейнет жасындағы қариялардың қоғам ортасындағы белсенділігін арттыру, оларды зияткерлік және шығармашылық өмірге тарту, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында ашылған “Белсенді ұзақ өмір” коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істеп тұр.
Орталық 2022 жылы іске қосылған. Заманауи талапқа сай мекеме аудандағы 300-ге жуық ардагерге күнделікті бекітілген кестеге сәйкес әлеуметтік қызметтер көрсетіп келеді. Ғимаратта тұз бөлмесі, психологиялық, массаж, бильярд секілді арнайы кабинеттер мен жаттығу залы бар. Мекемеде 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Отырар ауданына жасаған сапарында орталықтың жұмысымен де танысып, оң бағалаған болатын.
2022 жылы қарияларға мерекелік концерттер, тренингтер, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне және Ұлы жеңістің 77 жылдығына орай 100 қарияға концерттік бағдарлама өткізілген. Мұнан бөлек, 2022 жылы орталықтың ұйымдастыруымен 50-ге жуық ардагер облыс орталығы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесі, «Керуен сарайы» демалыс кешені, «Ұлы Дала Елі» музейі, Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесіне және «Ақмешіт» үңгіріне саяхаттап, тарихи орындарды тамашалап қайтқан.
Ардагерлерге құрмет көрсету – мемлекет саясатының және жергілікті атқарушы биліктің басым міндеттерінің бірі. Яғни, күллі саналы ғұмырын еліне арнаған әрбір егде тартқан азамат жемісін көруге хақылы. Орталықтың жұмысы биыл да қарқын алып, жандана түседі.