ҚАЛА ӘКІМІ МЕКТЕП ҒИМАРАТТАРЫН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА САҚАДАЙ САЙ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ  ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САПАСЫН ҚАДАҒАЛАДЫ  

279

 

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты. Алдымен М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сай мұнда 250 орындық АКТ залы, спортзал,  кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ қала әкімі жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалады.  Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қамтылған.

Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.

Бүгін  қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстарын тексеріп, құрылыс сапасын қадағалады. Озық үлгідегі ғимаратта   әкімшілік-тұрмыстық корпустан бөлек спорт залдар, спорттық тренажерлер алаңшасы мен бір жарым мың орындық трибуна қарастырылған.

«Жұмыс қарқынын күшейтіп стадионды 1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашу қажет. Осыған орай реконструкциялық жұмыстардың барысын, құрылыс сапасын қатаң бақылауға алыңыздар» — деді қала әкімі.

Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа тұрғын үйлер алабында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа 20 адам, 8 техника жұмылдырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы жаңадан бой көтерген 8 көпқабатты тұрғын үйдің инфрақұрылымымен танысты.  Қазір мұнда ирригациялық жүйелер салынып, балалар ойын алаңшасы бой көтеруде. Қала әкімі абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын сәуір айында толық аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ қаладағы магистральді, ішкі орам көшелерін аралап, жауын-шашыннан орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Осыған дейін қала аумағында 43 көше  қайта жөндеуден өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды 12 бригада атқаруда. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс нысандарын уақытылы тапсыруды, өндірістік кестенің сақталуын, сапаны ұдайы қадағалауды тапсырды.