САҒЫНЫШЫМ ЖЕТСІН ЕЛГЕ САМАЛДАЙ…

156

Неміс басқыншыларына қарсы екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың қыршын боздақтары ерлікпен шайқасып, жанын пида етті. Сол сұрапыл соғыстың жарасы қаншама жылдар өтсе де жазылмай келеді. Өткенді әлі күнге дейін түгендеп жүрген жайымыз бар. Ресейдің соғыс жылдарындағы архивінен тағы бір батырымыздың есімі анықталды.

Ол – Құрманбек Әлибеков (құжатта осылай жазылған). Там-тұмдап жеткен құнды мәлімет өте қысқа болғанымен, қайсар қазақтың батырлығы әр әрпінен ұшқындап тұрғандай. Үлкен толғаныс сезіммен қайта-қайта оқыдым. Көз алдыма қан майданның қақ ортасында жаулармен бабаларындай қасқайып тұрып шайқасқан қайран ерді елестеттім. Соғыс жағдайында барлық әскери қимылдардың әрекеті мұқият тексеріліп отыратыны белгілі. Сол мағлұматтарды қаттап отыратын «журнал боевых действий» дейтін арнайы құжаты болады.