ҚОС ПОЛИЦЕЙ ТӘРБИЕЛЕГЕН ШАҢЫРАҚ

202

Полиция сержанты Ақнәзік Нұрланқызы Тұрдыбаева, бұған дейін түрлі салада қызмет атқарып, бүгінде Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығында 102 операторы лауазымында қызмет атқаруда.

Қайсар қыздың негізгі қызметтік міндеті – 102-ге тәулік ішінде келіп түскен барлық қоңыраулар мен хабарламаларды дер кезінде қабылдап, электронды базаға тіркеп, оқиға орнына полиция кешенді күштерінің барып, шешім қабылдауын қадағалау. Сонымен қатар 102 мобильдік қосымшасы, SOS жүйесіне келіп түскен аудио, бейне және мәтіндік хабарламаларды қабылдап, ресми тіркейді.

Шеніне шаң жуытпаған қыз 1994 жылы дүниеге келген , ішкі істер саласына қызметке қабылданбас алдын, алғашқы еңбек жолын 2012 жылы Төлеби ауданы Нысанбек ауылында орналасқан Тау самалы балаларды оқыту-сауықтыру лагерінен бастады. Ол 2015-2018 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде инспектор лауазымында болды.

Ішкі істер саласындағы қызметі 2018 жылдың қарашасынан Түркістан облысы ПД Жедел жоспарлау басқармасының іс қағаздарын жүргізу жөнінде инспекторы қызметіне ауысты. 2019-2020 жылдары Түркістан облысы ПД Кадр саясаты басқармасында іс қағаздарын жүргізу жөнінде инспекторы, 2021 жылдан бері жедел басқару орталығында өз орнын қалыптастырып, абыройлы қызмет етіп келеді.

Ақнәзіктің отбасы полицей шаңырағы деуге болады. Ақнәзіктің соңынан ерген інісі де әпке жолын жалғап, бүгінде тәртіп сақшысы атанды. Ол Маңғыстау облысы Полиция Департаменті Айдауыл қызмет ротасының полицейі екен. Әпкелі-інілі полицейлерді «Шаңырақ» журналистер клубына арнайы жариялап, анасына қамқоршы болған полицей ару Ақнәзікке еңбек жолында абыройлы болуын тілейміз!

Мақпал МАРҚАБАЙ