ПОЛИЦЕЙЛЕР ЗАҢСЫЗ АҢШЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСҚАН ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДЫ АНЫҚТАДЫ
Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Басқайрық» сайы тұсында жергілікті тұрғыннан сойылған арқар етін тапты. Нақтырақ айтсақ, Созақ ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы мен «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» қызметкерлері күнделікті жұмыс атқару кезінде, таулы аймақтан күдікті ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады.
Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп күмәнданған полицей тексеру жүргізеді. Тексеріс кезінде ер адамнан ойық ұңғылы кіші калибрлі ТОЗ-8 және ТОЗ-12 аңшы мылтығы, 16 дана оқ-дәрілер тәркіленіп алынды. Одан бөлек арқарға ұқсас бөлшектенген жануардың жаңа сойылған еті табылды. Қарулар мен жануар етіне сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта аталған факт ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға ҚР-ның «Қызыл кітабына» енгізілген құрып кету қауіпі бар, сирек кездесетін жануарларды атып алуға байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қатаң ескертеді.