БОЗАРЫҚ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНДА 30 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ ЖӘНЕ ҚАЙНАРБҰЛАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БИЫЛ ТАЗА АУЫЗСУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

166

Бүгінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов 132,9 гектарды алып жатқан индустриялық аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысын қадағалады.

Мұнда бүгінде 13,5 шақырымдық ауыз су жүйелерінің құрылысы 85%, электр және табиғи газ желісімен қамту жұмыстарының көлемі 88% орындалған.  Ал жобада қаралған 2 шақырым жолдың қазіргі таңда 1 шақырымы салынып, 7,9 шақырымдық ішкі орам жолдардың жартысына жуығының құрылысы аяқталған. Сондай-ақ кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде.

Аталған индустриялық аймақты жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

Индустриялық аймақта алдағы уақытта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жүзеге асырылады.  Оның ішінде жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын, 560 жаңа жұмыс орнын қамтитын инвестициялық жобалар қолға алынады.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны бақылап, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

ҚАЙНАРБҰЛАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БИЫЛ ТАЗА АУЫЗСУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Шымкент қалалық Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Қазір аталған елдімекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы осы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында нысандарды тексерді.

Қазіргі уақытта аталған елдімекенде ауыз су кесте бойынша беріледі.

Мұндағы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізілуде. Мердігер мекеме тарапынан бүгінгі күнге дейін 310 шақырым құбыр тартылып жұмыстың 80%-ы орындалған.  Нысанда қазіргі таңда қазба жұмыстары жүруде. Жалпы жоба бойынша нысан құрылысын 2023 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Қала әкімі тиісті мамандарға мердігер мекемелерге жұмысты сапалы, әрі жылдам орындауды тапсырды.