ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

200

Түркістан облысына түркітілдес елдері – Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің журналистері мен қоғамдық пікір көшбасшылары, туризм сарапшылары мен әлеуметтік желі белсенділері келді. Олар 14-16 қыркүйек аралығында Түркістан облысының тарихи және туристік орындарын аралап, Түркістанның туризмін насихаттайды. Аталған топты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, пікір алмасты.

– Түркістанға қош келдіңіздер! Бауырлас мемлекеттерден келген бауырларымызды көріп қуанып отырмын. Түркістан қаласы қазақ халқы үшін ғана емес, түркітілдес мемлекеттері үшін де рухани орталық. Тарихы мыңжылдықтарға жетелейді. Бес жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мемлекет басшылығының қолдауымен бес жылда шаһарда ауқымды жұмыс атқарылды. Мәдениет, білім, спорт ғимараттары, тұрғын үйлер, және туристік нысандар бой көтерді. Халықаралық әуежай ашылып, қазір оның мүмкіндігі кеңейтіліп, бауырлас елдермен тұрақты рейстерді көбейту бағытында жұмыс жүруде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бойынша жұмыстар атқарылуда. Туризм – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Бірегей архитектуралық-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар біздің өңіріміз туризмді халықаралық деңгейде дамыту үшін зор әлеуетке ие. Облысты ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Өңірде 1770 тарих және мәдениет ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Ясауи бабамыз, қазақтың хандары мен билері осында мәңгі қоныс тапқан. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облысымыз күн санап көркейіп келеді. Біздің алға қойған мақсатымыз жоғары. Әлі де маңызды жобаларды жүзеге асырамыз. Ақпараттық тур барысында тарих пен өркениет тоғысқан Түркістан облысының көркіне өздеріңіз куә боласыздар. Өңіріміздің туристік әлеуетін өз елдеріңізде кеңінен насихаттайды деп сенемін,

– деген Дархан Сатыбалды түркі тілдес елдер арасындағы рухани, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға басымдық берілетінін жеткізді.

Кездесуде журналистер мен туризм сарапшылары да өз пікірлерін ортаға салды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түлегі, түркиялық «ТРТ» арнасының қазақ редакциясының басшысы Уфук Тузман Түркістанның ажарланып, жаңара түскенін тілге тиек етті.

– Түркістанға келіп, өзгерістерге таңғалдым. 5 жылда көп дүние өзгеріпті. Студенттік шағым осы қалада өткен. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. 22 жылдан бері радиода түркі елдері бірлігін насихаттап жүрмін. Қазақ тілінде хабар таратамын. Түркістан – біздің алтын ұямыз. Облыс туризмі туралы Түркияда кеңінен ақпарат таратамын. Әріптестерім де Қазақстанның ғажайып табиғатын, Түркістанның туризмін өз елдерінде насихаттайды, – деді Уфук Тузман.


Кездесуде Әзербайжан өкілі, «Asan» радиосының журналисі Аида Эйвазова Түркістанның тарихына тоқталды. Қос елдің басшыларының әріптестік байланыстарының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Ал «Махалла ТВ» және «Миллиет ТВ» бас редакторының орынбасары Рузибай Йулдашев (Өзбекстан) туризмді дамытуда түркітілдес елдер бір-бірімен тәжірибе алмасқаны, бірлесе дамытқаны жөн екенін айтты. Қонақжайлық танытқан облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, Түркістан өңірінің туризмі дами берсін деген тілегін жеткізді. Қырғызстандық блогер және әнші, қоғам белсендісі, Самат Долотбаков та халықтар достығы, туризмді дамыту бағытында пікірін білдіріп, Түркістанның қысқа уақытта заманауи шаһарға айналғанын атап өтті. Қазақстандық танымал политтехнолог және саяхатшы Артур Нығметов түркі мемлекеттерінің бірлескен туризм кластерін дамыту мәселесін көтерді.
Ақпараттық турға шақырылған 14 медиа тұлғаның да дәстүрлі БАҚ-та және әлеуметтік желілерде оқырмандары өте көп. Олар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, жаңарған Түркістанды, Отырар, Сауран қалашығын, Ақмешіт үңгірі мен Қасқасуды және өзге де туристік нысандар мен тарихи ескерткіштерді аралайды. Мыңдаған оқырмандарына өңірдің туристік әлеуеті туралы ақпарат ұсынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі