ШЫМКЕНТТЕ МОНОПОЛИСТ КОМПАНИЯЛАР ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢАРТУҒА ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫП ЖАТЫР

191

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова мәлімдеді.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті,

— дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.

Жалпы энергетика министрлігі тарапынан жүргізілген сараптамаға сүйеніп айтар болсақ, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр.

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің  бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-інің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында сарқынды суларды бұру қызметі бойынша кәріз желілерінің тозуын төмендету мақсатында 3,83 млрд.теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Нақтырақ айтар болсақ, компания 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 %-дан 71,65%-ға немесе 5,35%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің 2023-2026 жылдарға арналған жаңа тарифтері 2023 жылғы 1 шілдесінен бастап бекітілді. Атап айтар болсақ, ауыз судың тарифі тұрғындар үшін 86,27 теңге болып өзгеріссіз қалса, сарқынды суларды бұру қызметінің тарифі 10,67 теңгеге қымбаттап, 45,19 тиын болып белгіленген.

А.Әлібековваның айтуынша, комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің  бірлескен бұйрықтарымен «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне  2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл инвестициялық бағдарламаға сәйкес, монополист компания негізгі құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2023 жылға қосымша 55756,78 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген.

Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

–Департамент 2023 жылғы 7 тамызда тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жария тыңдауларда айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, монополист субъектінің өтінімін мұқият қарап, 2023-2026 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіру қызметінің тарифтері 2023 жылғы 1 қазанынан бастап қолданысқа енгізе отырып бекіту туралы шешім қабылдады,

– дейді Айсұлу Қуанышбекқызы.

Сонымен жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03%-ға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген.

Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталған.

Айта кетейік, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ының да инвестициялық бағдарламасы қабылдаған. Соған сәйкес, биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады.