ТҮРКІСТАН: САЙРАМДЫҚ АЗАМАТ ТЕРІСКЕЙДЕ 400 СИЫР БАҒЫП ШАРУАСЫН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

204

Павлодар облысы, Константиновка ауылында Зорёд Мавланов есімді сайрамдық азамат тұрады. Ол теріскейге 2019 жылы көшіп келген. Жас кәсіпкердің бүгінде «Карим» фермерлік қожалығында 3,5 гектар картоп алқабы бар. Биыл алқаптан 100 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, шаруаның 400-ге жуық ірі қара малы да бар. Кәсіпкер бүгінде ірі қара малын жалға алған жайылым жерінде бағып өсіруде.
— Өзім үйренген атақоныстан көшу оңай болған жоқ. 2019 жылдың сәуір айында әке-шешеммен бірге көшіп келдік. Бастапқыда бұл жерлер бос жатқан еді. Осы жерге келе салып мал шаруашылығымен айналысып, үй салып алдық. «Сыбаға» деп аталатын ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алып, кәсіп бастадық. Айта кетерлігі, солтүстік өңірінің топырағы өте құнарлы. Егін шаруашылығымен де айналасқанға тиімді. Былтырдан бері картоп өнімін егіп, пайда көріп жатырмыз. Ауасы таза өңірге келіп, өз кәсібімнің жемісін көргеніме қуаныштымын. Қазір осы жерге үйреніп қалдым. Басқа замандастарымды да келіп еңбек етуге шақырып жүрмін, — дейді жас шаруа.
Айта кетсек, биыл 8 айдың ішінде Түркістан өңірінен 238 отбасы, оның ішінде 885 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі