САЛЫҚ ТӨЛЕУ – АРДЫҢ ІСІ, АДАЛДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ 

132

Қазақстанда екінші деңгейлі банктер 2024 жылдан бастап салық органдарына клиенттердің аударымдары туралы ақпаратты тапсыратын болады. Мемлекеттік кіріс органдары алынған мәліметтерді мониторинг жасап, көлеңкелі бизнес және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларды анықтайды.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ, әртүрлі тұлғалардан жеке есепшотына мобильді аударымдар арқылы ақша қабылдап жүрген адамдар бақылауға алынады. Нақтырақ айтқанда, 3 ай қатарынан тұрақты түрде әр ай сайын кем дегенде 100 адамнан мобильді аударымдарды қабылдап алған азаматтар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінуі мүмкін. Мұндай тұлғаларға алғашқыда ескерту беріледі, егер жағдай қайталанса, тиісті заңдарға сәйкес 15-тен 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
Иә, бүгінде базар араласақ та, дүкенге барсақ та қолма қол ақшамен есеп айырысу мүлде ұмыт болып барады. Мобильді қосымшамен есеп айрысып үйренген халық, ақша салатын әмиянды ұстамайтын да болған. Бұл – халық үшін тиімді болғанымен, көлеңкелі табыс иелерінің көбеюіне әкеліп соғуда. Салық төлемейтін кәсіпкерлердің көбеюі бюджеттің уақтылы толығып отыруына кедергі келтіріп, ел экономикасын артқа сүйрейтіні анық. Бұл өз кезегінде көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қолбайлау болып, халықтың әл-ауқатының нашарлауына да себеп болмақ.
Еліміздің заңнамасына енгізілгелі отырған осындай норманы кәсіпкерлерге түсіндіру және талқылау мақсатында Шымкент қаласы кәсіпкерлік палатасында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қалалық департаментінің басшылығы кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
–Қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер ешқандай pos-терминалдарсыз, фискалды чексіз мобильді аударымдар арқылы төлем қабылдап келеді. Бұл –заңға қайшы әрекет. 2024 жылдан бастап, соңғы 3 ай қатарынан 100 аударым жүзеге асқан жағдайда бірінші рет ескерту беріледі. Заң талабын екінші рет бұзса 15 пен 50 айлық есептік көрсеткіш арасында айыппұл салынады, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешенқұлов.

Алайда бұл жеке тұлғалардың мобильді аударымдар жасауына еш зиянын тигізбейді. Себебі, банктерден алынған ақпарат арнайы мониторинг арқылы сараланады.
–Барлық деректер талданатын болады. Үш ай бойына әр ай сайын жасалған аударымдар жүзден асқан жағдайда ол кәсіпкерліктің көрсеткішін білдіреді. Оның ішінде өз отбасы мүшелері, жақын туыстары мен балалары жасаған аударымдар есепке алынбайды. Айыппұл бірден салынбайды, алдымен ескерту хабарламалары жіберіледі. Кәсіпкерлік субьектілерінің уәждері де тыңдалады, назардан тыс қалмайды, – дейді департементтің мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Бейсембаева.
Жеке кәсіпкерлердің жұмысында қиындықтар туындамауы үшін 2022 жылдан бері бақылау кассалық машиналарын екінші деңгейлі банктердің POS терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Пилоттық жобаға «Каспий банк», «Халық банкі», «Банкцентркредит» қатысуда.
Әйткенмен бұл жаңалықтың олқы тұстары көп екенін айтып кәсіпкерлер өз пікірлерін ортаға салды. Департамент өкілі Қазақстан Республикасы үкіметі мен мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығы бұл мәселені жан-жақты қарастырып, зерделеп жатқандығын түсіндірді.
Салық қызметкерлері мен кәсіпкерлердің бірлескен отырысында тағы бір жаңалық хабарланды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық мәслихатқа бөлшек сауданың арнайы тізімге енген түрлеріне төмендетілген салық ставкасын белгілеу бойынша ұсыныс жолдаған. Палата өкілдерінің пікірінше, бұл өзгерісті кәсіпкерлер үшін дағдарысқа қарсы шара ретінде қарастыруға болады.
–Бұл тізімге 190 қызмет түрі енгізілген. Тізім Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Осы тізімдегі қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер 4 пайыздық салықты 2 пайызға дейін төмендете алады. Бұл өз кезегінде ерікті түрде салық төлеушілердің көбеюіне жол ашады. Алайда, бұл шешімді жергілікті мәслихат қабылдауы тиіс. Біз мамыр айында осы мәселе бойынша хат жолдадық. Арнайы бөлшек салықты төмендету кәсіпкерлер үшін де бюджет үшін де қаншалықты тиімді болатынын терең талдау қажет деген жауап алдық,– деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова.
Айта кетейік, мәслихат тиісті шешімді қабылдаған жағдайда өзгерістер келесі жылдың қаңтар айынан бастап қолданыла бастауы мүмкін.
Иә, қалай десек те нарықтық қатынастар жағдайында, құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан әрбір азамат өзінің салықтық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарауы шарт. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін бұл бұлжымас қағидаға айналуы тиіс. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, салықтың уақытында төленуі еліміздегі жолдардың жөнделіп, ауланың абаттануына, мектептердің жаңарып, медицинаның дамуына, зейнетақы, шәкіртақы мен жәрдемақылардың уақтылы төленуіне мүмкіндік береді.
Біздіңше, қолданысқа енгізілгелі отырған заң нормалары қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігінің орнауына жол ашып қана қоймай, біртіндеп салық мәдениетінің қалыптасуына да ықпал етеді. Бірте-бірте халқымыздың санасында «салық төлеу – ардың ісі, адалдықтың белгісі, ал, одан жалтару ең үлкен қылмыс» деген ой қалыптасуы тиіс. Онсыз өркениетті, дамыған елге айналуымыз неғайбыл…

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»