«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕР» ОТАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫНАН САЛЫНАДЫ

145

Биыл Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17300 орындық 12 мектеп салынуда. Мемлекет басшысы құрылыста отандық өнімдерді қолдануды басты назарға алуды тапсырған болатын. Осыған орай, кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іс атқарып жатқан тапсырыс берушілер мен бас мердігерлер, дизайнерлердің отандық тауар өндірушілермен кездесуі өтті. Жиынға қалалық құрылыс және білім бөлімінің басшылары да қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.

–Бүгінгі таңда мердігер мекемелер анықталып, келесі жылы пайдалануға берілетін мектептердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, 2024 жылы үшінші мегаполисте 10700 орындық 6 мектептің құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта бас мердігер компаниялар «Ақ ордасы», «Арт құрылыс», «Оңтүстік құрылыс», «Отау строй» құрылыс компаниялары анықталды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Президент тапсырмасына орай отандық құрылыс материалдары, жабдықтар мен жиһаздар сатып алынады. Әлеуетті жеткізушілерге жоғары талаптар қойылады, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, сондай-ақ «СТ-KZ» тауардың шығу тегі мен сертификатының болуы маңызды. Әлбетте сапалы өнім өндірушілер Шымкентте көп деп ойлаймын. Бұл кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті арттырып, сапаны жақсартуға кепіл деп білемін,– деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Сәбира Адамбекова.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысандарының басты ерекшелігі – заманауи стандарттарға сай болмақ. Жаңа мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернет, компьютерлік шеберхана, STEM зертханалары, жарық диодты экрандар, электронды кітапханалар болады. Сондай-ақ заманауи үлгіге сай жеке спорт залы мен асханасы, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған блоктар, әр қабатта су фонтандары, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері бар интерьермен жабдықталады. Ал, үстел, орындықтарды баланың бойына сай үлкейтіп, кішірейтіп реттеуге болады. Қазіргі ғылымның дамуына сәйкес робототехника кабинеттері, нанотехнология мен биотехнологияны зерттейтін зертханалар, оқу және демалыс үшін коворкинг аймақтары да қарастырылған. Барлық мектептер алдағы уақытта ерекше қажеттіліктері бар балаларға да бейімделіп, волейбол, баскетбол, теннис корттарымен қамтамасыз етілмек.
Жиынға 40-тан астам құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, травертин, кірпіш, керамикалық плиталар, қапматама панельдері, әрлеу және бояу материалдары сынды өз өнімдері мен мүмкіндіктерін көрсетті. Жиһаз жасаушылар технологиялық тұрғыдан ыңғайлы жиһаз шығаруға мүмкіндіктері бар екенін көрсетіп, бұйымдардың эскиздерін ұсынды. Жиын барысында желдету жабдықтары, терезе, есіктерге арналған профильдер, қауіпсіздік жүйелері де таныстырылды.
Шымкенттік «Eagle teck» ЖШС-і ұсынған интелектуалды қауіпсіздік жүйесінің бірнеше ерекшеліктері бар. Компания басшы Кәрімбай Оразалының айтуынша, бейнебақылау жүйесі тек камераға түсіріп қана қоймай, суық қару, оқ ату орын алған жағдайда дыбыстық сигнал бірден құқық қорғау орындарына келіп түседі.
–Егер жүйе қауіпті таныса, ақпарат бірден құқық қорғау орындарына жіберіледі. Жасанды интеллект – жерде жатқан немесе төбелесіп жатқан адамдарды анықтай алады. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында әлімжеттіктің алдын алып, қорқытатын, ар-намысына тиетін, қорлау сөздерге де жауап береді. Смарт камералардың тағы бір мүмкіндігі мектеп оқушысының дене қызуы көтерілсе де фельдшерлік пунктке дабыл сигналы жіберіледі. Осылайша көптеген келеңсіздіктің алдын алуға болады, – дейді К.Оразалы.
Айта кетейік, бұл кәсіпкерлік палатасында өткен алғашқы жиын. Мұндай жиын әлі де жалғасын таппақ. Құрылыс барысында кәсіпкерлік палатасы барлық отандық өнім өндірушілермен тығыз байланыста болатындығыны жеткізді. Мазмұнды кездесу келіссөздермен жалғасын тапты.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»