ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

183

Сауран аудандық мәдениет үйінде Еңбек күні мерекесіне арналған «Адал азамат – Адал еңбек» мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шараға Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев қатысып, еңбек адамдарын құттықтады.

– Еңбек күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында бекітілді.

«Еңбек — өмір мәні» десек, бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген Сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Еліміздің өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлеріне, аға буынның тәлімгерлік жолын жалғап ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарымызға зор ризашылығымды білдіремін!

Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді аудан әкімі.

Шара барысында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев аудан көлемінде әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген еңбек адамдарын Алғыс хатпен марапаттады. Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қатысып, еңбек күніне орай ізгі тілегін білдірді.

Еңбек адамдарының құрметіне мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.