ШАҒАНЫҢ ШАРУАСЫ ШЫРАЙЛАНА ШИРАДЫ

213

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс»,-деген болатын.

Бұл мақсат үлкенді-кішілі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлерді жаңа істерге бұрынғыдан да жұмылдыра түседі. Шаға ауылдық округінің аумағы облыс орталығының тап іргесінде болғандықтан еңбеккерлерінің барлық салада үлкен жетістіктерге жетуіне барынша қолайлы жағдай қалыптасқан. Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінде үш елді мекен бар. Олар Қазақстанның ХХХ жылдығы, Шаға, Бершін төбе елді мекендері. Бұл елді мекендердегі 1637 шаңырақта 11281 адам тұрады. Барлығына жуығы жер емген диқандар, өз төлінен мал өсірген мамандар.