КООПЕРАТИВ ҚҰРУ — КОЛХОЗДАСТЫРУ ЕМЕС

147

Түркістан қаласының құрметті азаматы, Сауран аудандық ардагерлер

кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі Оразгелді Егізбаев:

КООПЕРАТИВ ҚҰРУ — КОЛХОЗДАСТЫРУ ЕМЕС

Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевты cаурандықтар жақсы біледі. Ол Коммунизм, Аманкелді атындағы колхоздарда зоотехник, бас зоотехник. Майдантал совхозында партком хатшысы. Амангелді атындағы колхоз, қазіргі Нұртас Оңдасынов ауылында басқарма бастығы. Түркістан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Шаға, Оранғай ауылдық округтерінің әкімі, Түркістан қаласы ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы, Отырар ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Түркістан қаласының құрметті азаматы, Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі. Бүгінде 75 жасқа жеткенімен ширақ та белсенді қалпын сақтап, ауыл шаруашылығына қатысты мамандарға ақыл-кеңесін беріп, ағайынға қамқор болып отырған абыройлы ақсақалды мерейтойы қарсаңында әңгімеге тарттық.

— Оразгелді Өтегенұлы, алдымен өзіңіздің тегіңізді таныстырып, ата кәсібімізді ары қарай жалғастыруға кім ықпал етті деген сұрақтан бастасақ.

— Атамыз Егізбай деген кісі ол кезде Үшқайық сельсоветі дейді. Соның қазіргі Нұртас Оңдасынов ауылында жылқышы болған. Атамыздың жалғыз баласы Өтеген. Әкеміз 1927 жылғы болатын. 1942 жылы он бес жасында Түркістандағы теміржолшылар училищесіне алып кетеді. Сол жалғыз баланың артынан атамыз бен әжеміз Түркістанға көшіп келген екен. Сонымен теміржолшылар училищесін бітіреді. Ол кезде теміржолшыларды армияға алмайды. Оның сыртында әлі кәмелетке жасы жетпеген. Сөйтіп, әкем теміржолда қырық бес жыл табан аудармай қызмет етті. Теміржолдан зейнетке шықты. Анамыз Зүбайра үй шаруашылығымен айналысты. Үш ұл, тоғыз қыз. Он екі баланы өсірді. Соның ең үлкені мен болдым. Мен сол ата жолын қуып, мал шаруашылығымен айналысамыз деп мектепті 1966 жылы күміс медальмен бітірдім. Алматыдағы зоотехникалық институтына бір емтихан тапсырып түсіп кеттім. Осы оқу орнын жақсы бітіріп, Түркістанға қайтып келіп, «елге қызмет жасайық» деп алғашқы кезде зоотехник болдық. Арада екі жыл өткен соң, ата-бабамыз өскен жер Нұртас ауылына (ол кезде Аманкелді атындағы колхоз) бас зоотехник етіп жіберді. Ол кезде барлық кадрлерді партиямен келісіп, ауыл шаруашылығы басқармасы жіберетін. Сонда қызмет етіп жүріп партия қатарына өттік. Ол кезде компартияға мамандардың өтуі қиын болатын. Онда көп ұзаған жоқпын. Алдында Коммунизм колхозында қызмет етіп жүрген кезімде Түркістан қаласындағы түрлі шараларға белсенді араласып, көзге түскен болсам керек. Содан партия шақырып алып, Түркістан аудандық комсомол комитетінде хатшы, одан кейін бірінші хатшысы қызметін атқардым.

 

— Сіздің дипломыңызда «оқымысты зоотехник» деп жазылған екен. Көзіміз қарақты болғанымен біздің өзіміз зоотехник пен мал дәрігерінің ара-жігін ажырата алмаймыз. Ал, «оқымысты зоотехник» деген мамандық иесінің міндетіне не жатады?

— Зоотехник пен мал дәрігерінің айырмашылығы — мал дәрігері үй жануарларын емдейді. Түрлі сырқаттарының алдын алады. Ал, зоотехник деген мамандық иелері ұйымдастырушылар. Училище бітіргендерді де зоотехник дейді. Институт бітіргендерді оқымысты зоттехник деп атайды. Оның үлкен дәрежесі ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы мен мықтылығында болады. Олар экономиканы көбірек оқиды. Мал басының көбеюін қамтамасыз ету, тұқымын асылдандыру, жем-шөппен қамтамасыз ету, ең соңындағы өнімнің бағасының өзіндік құнының есеп-қисабын да шығаратын сол оқымысты зоотехник. Қазіргі тілмен айтқанда менеджер. Сол оқымысты зоотехниктің қызметін атқардым.

 

— Оқымысты зоотехник болсаңыз неге онда өндірістік қызметіңізді саралап, ғылыми жүйеге келтіріп, зоотехник ғалым болуға талпынбадыңыз?

— Бұл сұрақты өте орынды қойып отырсыз. Менің оқытушыларым мені институтқа мұғалім етіп, қалдырғысы келді. Соған ұсыныстар жасалды. Бірақ, бізде намыс деген бар. Жасыратыны жоқ, үйдің ең үлкені өзім болғасын іні –қарындастарым тым жас, соларға бас көз болып жетілдіруім керек болды. Мен институтты бітіріп жатқан кезімде екеуі институтқа түсті. Қалғандары мектепте оқып жүрді. Ол кезде әкеміздің жұмысы өте ауыр. Бір үйде бір-ақ адам жұмыс істейді. Анамыз үй шаруашылығында. Содан отбасылық жағдаймен ауылға келіп, ғылыми ізденісімді де жалғастырам деп ойладым. Ол кезде сырттай оқу деген де болатын. Соған тақырып та алып келдім. Бастапқыда өз мамандығым зоотехникалық қызметте жүргенде ғылыми ізденістерімді бастауын бастадым да, комсомол қызметіне барғасын еш қолым тимеді. Комсомол хатшысы күні-түні жұмыс істейді екен.

 

-Ал, қызметтен қолыңыз тимесе, қай жылы, қалай үйлендіңіз?

-1973 жылы комсомол жетекшісі болғанға дейін үйленіп үлгердім. Оның өзіне де елу жыл толыпты. Жұбайым Райхан Мамадиярқызы Алматы облысында туған. Ол да мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматы медицина институтының емдеу факультетінде оқыды. Мен қай жерге барып қызмет етсем де, Райхан сол жерге дәрігерлік қызмет көрсетіп қаншама жандарды ауру-сырқаудан арылтып, елдің ыстық ықыласына бөлене білді. Барлық жерде үйдің де, аурухананың да жағдайын жасап жүрді ғой.

Қазір енді үш ұлымыз бар. Үлкен баламыз Аманкелді екі институт бітіргенімен қолымызда. Қызылорданың Қорқыт ата университетінің экономика факультетін және Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің информатика факультетін бітірді. Сол мамандықтарын ауыл шаруашылығына пайдаланып жатыр. Екінші ұлым Нұркелді Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің заң факультетін бітіріп, осында магистратурада оқып, Алматыда кандидаттық қорғады. Қазір Астанадағы Тұран университетінде профессор. Үшінші баламыз Түркістандағы қазақ-түрік лицейін бітіріп, Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің ағылшын тілі факультетін бітірді. Мұғалім болып жүріп, магистратураны бітірді. Одан кейін докторантураны оқыды. Қазір филологиядан PhD доктор. Сол балам қазір Алматыдағы Сүлеймен Демирель университетінде сабақ береді. Өзіміз жетпеген биіктерге балаларымыздың жеткеніне қуаныштымыз.

 

— Ал, енді Сіз 75 жасқа толып жатырсыз. Бірқатар ауылдарда басшылық қызметтер атқардыңыз. Тәжірибеңіз мол. Бізде мал тұқымын асылдандырып, егістің өнімін ұлғайтудың қандай мүмкіндіктері бар?

— Кеңес кезінде бұл мәселелер жүйелі, кешенді, тұрақты түрде атқарылатын. Енді міне, жекешелендіру тұсында шаруашылықтар ұсақталып кеткеннен кейін көп қиындыққа душар болдық. Сол кезде жұрттың барлығы күнкөрушіліктің қамын ғана жасады. Өйткені, ауыл шаруашылығында үлкен табыс табу мүмкін болмай қалды. Олардың барлығын енді ірілендіру үшін қам жасалғанымен, майда шаруашылықтар сол бұрынғы колхоздастыру болып шығады ма деп қорқып отыр.

Мен Қытайда екі рет болдым. Солардың ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелерін көзіммен көрдім. Оларда майда шаруашылықтарды ірілендіру емес, соларға қызмет көрсететін кооперативтер құрған. Баяғы МТС сияқты. Мысалы мал шаруашылығына жемшөп жинау үшін (МТС) машина-трактор станциясы сияқты мал шаруашылығының жерін жыртып, егісін егіп, шөбін жинап береді. Міне, соның бәріне мемлекет қолдау көрсетеді. Кооператив жасаған қызметінің ақысын шыққан өнімнен алады. Яғни, өнімнің де жиналғаны деген сөз. Оны өткізуге де мүмкіндік жасалады.

 

-Қазақстан жағдайында осы тәсілді қалай қолдануға болады?

-Қазақстан жағдайында осы мәселе Қарабұлақ пен Сайрамда жақсы жолға қойылған. Осы жағдайға әлі күнге дейін басқа аудандарымыз жете алмай жатырмыз. Мәселен, бір Қарабұлақтың өзінде 20 мыңнан астам халық бар. Қасындағы ауылдардың тұрғындары да аз емес. Кемінде 12-13 мың тұрғыны бар. Бізде ең үлкен ауылымызда 10-12 мың халық тұрады. Шағын ауылдарда 3-4 мың ғана адам тұрады. Олардың бәрін біріктіру мүмкін емес. Тек соларға қызмет көрсетудің жолдарын қарастыру үшін кооперативтер құру керек. Сол арқылы жемшөп базасын жасап, мал тұқымын асылдандырып, ауыл шаруашылығын дамытуға болады. 2015 жылы Асқар Мырзахметов Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезінде біраз мәселені қолға алып, бастағанымен кейін ол мәселе тоқтап қалды. Сол кезде ауыл шаруашылығындағы реформаларды бастағанымызда қазір нәтижесін көріп отыратын едік. Қазір сүтті қабылдайтын әр жерде үлкен зауыттар бар. Оған өнім жетпей жатыр. Ал, соған сәйкес өнімдерді жинайтын кооперативтер болса. Қазір мемлекет кооперативтерге елу пайызға дейін субсидия беріп жатыр. Ол дұрыс. Бірақ соны, жасыратыны жоқ, аудандарда, ауылдарда ұйымдастыра алмай жатырмыз. Елден осы сүттерді жинап үлкен зауыттарға апарып өткізсек болады. Сол секілді ет комбинаттарына да шикізат жеткізіп бере алмай жатырмыз. Бұл жерде мемлекет осы мал өнімдерін жинайтын кооперативтердің шығынын субсидиялап, қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз етіп отырса, жөн болар еді.

 

-Ауыл шаруашылығындағы реформалау қай жылдардан бері жалғасып келеді?

-Менің негізгі қызметімнің дені ауыл шаруашылығы саласында өтті.1993 жылдан бері ауыл шаруашылығында тек реформалаумен келе жатырмыз. Бастапқыда ауыл шаруашылығын жекешелендірдік. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде осы жекешелендірілген майда шаруашылықтармен жұмыс жасадық. Одан кейін оларды біріктіру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда мемлекеттік актілерді біріктіріп алып, кейіннен оны біріктірген басшылардың қолы таза болмай, кепілге жерді қойып барынан айырылып қалып жатқандары әлі күнге бар. Сондай мәселе болмасын деп, мен ауыл шаруашылық бөлімінде жай серіктестік дегендерді құрдық. Азаматтық кодексте ондай бап бар. Соның негізінде жай серіктестердің мемлекеттік актілері өздерінде жүре береді. Бірақ, келісім-шартпен бірігуге болады. Осындай шаруашылықтарды құрып бастадық. Соның нәтижесінде жақсы жұмыстар болды. Соған қызмет көрсететін кооперативтер болды. Сол кезде де МТС-тер құрдық. Мен осы Шаға ауылдық округінің әкімі болып қызметке келген кезімде осы МТС-тер құра бастадық. Кейіннен соларға мемлекеттік қолдау төмен болып қалды да, МТС-теріміз түгел тарап кетті.

-Сіздің ауыл шаруашылығы саласындағы өмірлік тәжірибеңіз мол. Қазіргі билік өкілдері мен диқандарға айтатын қандай ақыл-кеңесіңіз, бастамашылығыңыз бар?

— Қазіргі кезде мал шаруашылығы егін шаруашылығы арқылы дамиды. Себебі, малға жемшөп керек. Соның барлығына қызмет көрсететін кооперативтерді ұйымдастыру керек. Бүгінгі таңда мемлекет 2,5 пайызбен несие беріп жатыр. Оны шаруа қожалығы алғанымен шығарған өнімін сатуы, оны тиісті жеріне жеткізуінде қиындық туындайды. Қазір соған байланысты қызмет көрсету кооперативін құрып, солар арқылы жұмыс жасаса болады. Мен бұл мәселені Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына айтып түсіндірдім. Ол кісі қолдады. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жауапты қызметкерлермен сөйлесіп, бөлініп жатқан 2,5 пайыздық несиені ұлғайту жөнінде келісім жасалды.

 

-Бұл жерде кооператив құрамындағы жеке шаруа қожалығы 27 миллион теңге алғанымен де ол қай жерге жетеді? Бір жаңа техникаға да жетпейді ғой?

— Шындығында, бұл қаржы бір трактор алуға жетіп қалуы мүмкін. Міне, бұл жерде үлкен кооперативке берілетін қаржы көлемін 500-600 миллион теңгеге көтеру керек. Осы мәселе бойынша министрлікке ұсыныс жасағанымызда олар да осы кооператив жайының сараптаудан өткізіліп, тиянақты қаралып жатқандығын жеткізді. Министрліктің берген алғашқы траншы 11 млрд. теңге болатын. Соның 15 пайызын яғни 1,6 млрд теңгені қанатқақты жоба есебінде «сіздерден бастап көрейік» деген ұсыныс болды. Қазір енді 20 млрд. бөлгізу жайы шешілуде. Оның 15 пайызы 3 млрд. теңге. 3 млрд теңгеге ауылдарда кооператив ұйымдастыру мүмкіндігі ашылады. Оның өзіне кемі 500 миллион теңге керек. Кооператив ауылға жұмыс жасайтын, қызмет көрсететін болғасын жер жыртатын кемі 3-4 тракторы болуы керек. Жер өңдейтін техникалары қажет. Бәрінен де бұрын шыққан өнімді төкпей-шашпай, ысырап қылмай жинайтын техникасы керек болады. Өнімді жинайтын комбайндардың жаңасының бағасы кемі 100 миллион теңге тұрады. Бір екі комбайнымен қоса есептегенімізде шығынын шығардық. Осыған Шаға ауылынан бір адамды дайындап, кооператив басшысы етуге келісіп, жұмысты бастап жатырмыз. Мәселен, 500 миллион теңге несие алу үшін бір млрд. теңгенің кепілзаты болуы тиіс. Сондықтан, осындай кепілзаты бар адам әр ауылдан табылмайды ғой. Табылған күннің өзінде «мен осы халқыма адал қызмет етейін» деген ниеті болуы керек. Ең үлкен мәселе осыған тіреліп тұр. Біз табылған кісімізге «елу пайызбен жеңілдікпен аласың. Халыққа отыз пайызбен арзандау қызмет жасайсың» деп отырмыз. Сонда жиырма пайызы өзінде қалады. Осы бастаманы жұртшылық қолдап, БАҚ өкілдері дұрысын жариялап, билік қолдап жатса, алынбайтын асу жоқ. Осы қанатқақты жобаны жүзеге асыруға кіріскен бастамашыл топтың қадамын, тәжірибесін тиянақтап бірлесе жүзеге асырайық.

— Оразгелді Өтегенұлы, Құрбан айт кезіндегі бар арман-тілектері-міз сәтімен орындала берсін! Сізге ұзақ өмір тілейміз.

Сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ.