«БӘРІМІЗ БІРГЕМІЗ – АЖЫРАМАС ІРГЕМІЗ»

233

Шымкент қаласының Опера және балет театрында осындай атаумен ерекше жандарға мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар жандардың күні болып белгіленген. Осы күннің құрметіне «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы шаһардағы мүгедектігі бар жандарды қуанышқа бөледі.

Мерекелік іс-шара мүгедектігі бар азаматтардың қолөнер бұйымдарының көрмесімен басталды. Мұнан кейін қонақтар сахнаға шыққан «Шымкент шоу»
театры, Опера және балет театрының труппасы мен әншілерінің өнерін және Әлем кубогының күміс жүлдегері, ҚР чемпионы Айдана Мұқанова мен ҚР екі дүркін чемпионы Еңлік Әбдімүтәлінің қоларба билерін тамашалады.
– Ерекше жандар тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбай, түрлі салаларда еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізуде. Олар өздерінің ерекшелігіне қарамай, қаламыздың, еліміздің дамуына үлес қосып жүргендерін атап өткім келеді. Бүкіл әлеуметтік сала мамандарының атынан барша ерекше жандарға амандық тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, – деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
Мерекелік кешке 300-ге жуық мүгедектігі бар жан шақырылып, барлығына арнайы әзірленген сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады. Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қоларба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетіліп жатыр.

Бибайша Нұржанқызы