БИЗНЕСПЕН СЫНДАРЛЫ ДИАЛОГ ОРНАТУ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

132

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет» деп атап өткен болатын.

Осы орайда, Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Ауқымды жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.
Жиынды Өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы мен инвестициялық ахуалға тоқталды.
– Шағын және орта кәсіпкерлік — ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауда бәсекеге қабілетті орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қаржылай қолдау салықтық төлемдерін арттырған және әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлерге беріледі. Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі, кәсіпкерлер арасындағы сот процестері әлеуметтік маңызы бар нысандардың пайдалануға берілуін кешеуілдетеді. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлердің салған тұрғын үйлерінің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсуде. Біз кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, осындай күрделі мәселелерді ашық талқылап отырамыз, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Жиында қалалық прокуратура басшылары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады Жалпы, Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев баяндады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік саласын дамыту жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау шаралары тұрақты жүргізіледі.
– 2023 жылдың 9 айына кәсіпкерлер палатасының қарауына бизнесті қорғау саласы бойынша 69 өтініш қабылданып, 63-і қаралған. Іскер азаматтардың қорғалған құқықтарының жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық. Биылғы түскен ең көп өтініштер – мемлекеттік сатып алулар саласы бойынша – 30 пайыз, жер қатынастары – 14 пайыз, көлік және логистика саласы бойынша 13 пайызды құрап отыр. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес жұмысын атқаруда, 8 отырыста кәсіпкерлердің жүйелі 12 проблемалық мәселесі қаралды, – деді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары кең талқыланды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын
қойып, оны шешу бойынша ұсыныстарын да айтты.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер салық ставкалары, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, қаладағы интернет сапасы туралы мәселелерді көтерді. Оған қоса Шымкенттегі ауруханалардағы төсек-орын санын ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге несие бөлу туралы сұрақтарын қойды. «Қазақстанның жарнама таратушылар қауымдастығы» ЖК және ЗТБ төрағасы Абдуғали Сейдуалиев соңғы екі жыл ел үшін, соның ішінде бизнес үшін қиын болғанын, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері шығындарға ұшырағанын алға тартып, бөлшек салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы ұсынысты қалалық мәслихатта көтеруді сұрады.
Ал Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы денсаулық сақтау саласы кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұрмашев қала аумағы ұлғайып, тұрғындар саны артып келе жатқанын, осыған орай медициналық ұйымдардағы төсек-орындар санын көбейту қажеттілігі төніп тұрғанын айтты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және салалық басқарма басшылары кәсіпкерлермен тікелей тілдесіп, ұсыныстарын жазып алды, кейбіріне сол жерде-ақ жауап берді.
Жергілікті атқарушы орган және бизнес қауымдастық арасындағы мұндай жүздесу алдағы уақытта да жалғасады.