ШАХМАТТЫ ДАМЫТУ – ЗИЯЛЫ ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ 

241

Біздің қоғамға интеллектуал адамдар көбірек қажет. Ал, шахмат — адамның ақыл-ойын дамытатын бірден-бір ойын. Оны шахматтан әлем чемпионы болған Тигран Петросянның «Шахмат дегеніміз формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым» деген сипаттамасы дәл беріп тұрғандай.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, зиялы ұлт қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі – елде шахматтың дамуына жағдай жасау. Осыны ескерген мемлекет кейінгі жылдары Қазақстанда шахматты дамытуға ерекше назар аударып келеді. Мұны шахматтың мектеп бағдарламасына факультатив пән ретінде енгізілуінен-ақ байқауға болады. Енді міне, ақыл-ой спортын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында «Шахмат керуені» атты ауқымды республикалық шара қолға алынып отыр.
Бір ай бойы республика өңірін аралап келе жатқан «Шахмат керуені» осы аптада Шымкентке де келді. 10 қыркүйекте жолға шыққан керуен бұған дейін Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Семейден бастап, 10 қаланы жүріп өтті. Керуеннің келуіне орай салтанатты шара өтіп, Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалы ашылды. Орыс драма театры жанында жиналған жұртшылық республикалық шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың арнайы видео үндеуін тыңдады.
–Шахмат керуені» – жай ғана бір күндік жоба немесе акция емес, зиялы ұлт қалыптастыру жолындағы мемлекеттік мүдденің маңызды кезеңі. Бұл ауқымды оқиға интеллектуалдық ойынның дамуына тың серпін беріп, бүкіл ел бойынша мыңдаған отандасымызды шахмат секцияларына тартады деген сенімдеміз, – деді Тимур Русланұлы.

Оның айтуынша, бұл жоба еліміздің әр өңіріндегі көзқарастары мен принциптері ұқсас адамдарды бір арнаға тоғыстырады. Керуен идеясы саудамен қатар, елдердің мәдени және спорттық мұрасын әлемге танытқан Ұлы Жібек жолына негізделген. Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жоба – өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
Салтанатты шарада Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы болып кәсіпкер Сапарбек Тұяқбаев тағайындалды. Мұнан соң арнайы тігілген мобильді киіз үйде Шымкент шахматшылары сондай-ақ турнирдің 10 қатысушысы жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбаймен бір мезеттік ойын ойнау мәртебесіне ие болды.
–Мені 3-4 жылдан бері осы ойын түріне шақырып тұрады. Бұл сеанста мен әр шахматшымен кезекпен ойнап шығамын. Бірі ұтуы мүмкін немесе тең түсіп те жатады. Оның өзі үлкен жетістік. Өйткені осы ойын арқылы қатысушылар өздеріне биік мақсат қояды, – дейді Әсел Серікбай.
Іс-шара барысында «Шахмат керуенінің» жартылай финалы өтіп, онда іріктеуден өткен ойыншылар бақ сынады.
–Облыстық кезеңде оза шапқан I, II және III орын жеңімпаздарына 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сондай-ақ олар қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады. Бас финалдың жүлде қоры – 5 000 000 теңге. Одан бөлек, әр жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «50 жастан жоғары үздік қатысушы» және «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады, – деді Қазақстан шахмат федерациясының маркетинг директоры Ернұр Советқали.
Екі ай ішінде еліміздің 18 аймағын аралап, турнир өткізіп шығатын автокеруен қарашада Түркістан қаласында ойынды қорытындыламақ . Айта кетейік, елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.
Қазақстан шахмат федерациясы тұңғыш рет 1992 жылы құрылған. Оның бірінші басшысы ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Соңғы он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында отандастарымыз 100-ден астам медаль жеңіп алды. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сынды гроссмейстерлер әлемдік шахмат элиталарының қатарында.
–Былтыр желтоқсанда Алматыда өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева блицтан Қазақстанға алтын әкелсе, Динара Сәдуақасова жылдам шахматтан вице-чемпион атанды. Биылғы сәуір айында Астанада шахмат тәжі үшін болған үлкен матчта 17-ші әлем чемпионы анықталды. Осынау тарихи оқиғадан кейін Ақтау қаласында 53 елден 400-ден астам шахматшы келіп қатысқан World Schools Team Championship өтті, – деді Ернұр Советқали.
2023 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы «Шахмат негіздері» таңдау пәнімен қамтылмақ. Қаржы саласында қызмет атқаратын Асылбек Түйетаев шахматты бала күнінен ойнап келе жатқандығын айтады. Әуесқой шахматшының отбасында барлық мүшелерінің бұл ойынға қызығушылығы бар. Бұған дейін іріктеу кезеңіне қатысқан ол бүгін жартылай финалда бақ сынады.
–Осыдан бір ай бұрын 60 қа жуық ойыншы бір-бірімен ойнап іріктеуден өттік.Содан өткен 20 ойыншы қазір финалдық кезеңде кездесіп отырмыз. Ойын 11 турдан тұрады. Жеңімпаз үш ойыншы Түркістанда өтетін финалда бақ сынайды, –деді Асылбек Түйетаев.
Жобаның өтуіне толықтай қолдау көрсетіп отырған бас демеуші – Freedom Broker компаниясы. Компания өкілдері аталған жобаны қолдау арқылы Қазақстанның болашағы мен әл-ауқатын арттыруға инвестиция құйып жатқанын жеткізді.
–Осындай үлкен шаралар ұлтымыздың зияткер ұрпағының дамуына көмектеседі. Ал біз шахмат спортын жақсы көретін жастарымызды қолдау үшін күшіміз бен қаражатымызды жұмсауға әрқашан дайынбыз. Шахмат – жай ойын емес, ол адамды жоспарлау мен талдауға үйретіп, төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін ақыл-ой жаттығуы. Біз Қазақстан шахмат федерациясына қолдау көрсету арқылы елдің экономикалық дамуы мен жастардың болашағына және стратегиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға инвестиция салып жатқанымызға сенімдіміз,– деді Freedom Broker компаниясының Шымкент қалалық филиалының өкілі Ерлан Әбдірасулов.
Бұл керуенде 12 жасар Шымкент тұрғыны шахмат турнирінің ең жас ойыншысы атанды.
Жартылай финал қорытындысы бойынша І орынды 11 ұпайдың 9-ын жинаған Әбдіқадыр Яхияев иеленді. Ол FIDE төрешісі және Жансая Әбдімәлік шахмат мектебінде аға жаттықтырушы боп қызмет етеді. Ал жүлделі ІІ орынды 39 жастағы жеке кәсіпкер Абзал Оңғаров иеленсе, 16 жасар мектеп оқушысы Нұрасыл Жұмабек ІІІ орынға жайғасты. Үш жеңімпаз да Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды. Сонымен қатар, Татьяна Щеголева «Әйелдер арасында үздік көрсеткіш» аталымы бойынша , Нұрислам Айнақұл «16 жасқа дейінгі үздік нәтиже» және Ғабит Жапбасбаев «50 жастан асқандар арасындағы үздік ойыншы» ретінде марапатталды.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА