ВОЛОНТЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА ОҚЫТУ-СЕМИНАРЛАРЫ ӨТЕДІ

210

Елімізде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы аясында бірқатар табысты жобалар іске асты. Мемлекет басшысы осы салада нақты стратегиялық векторды белгілей алатын жаңа Жол картасын дайындау қажеттігін мәлімдеген еді.

Осыған орай «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ бүкіл республика бойынша «Волонтерлікті қолдау және 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар жинау мақсатында іс-шаралар мен кездесулер кешенін бастады.
«Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ өңірлермен өзара іс-қимыл жөніндегі бағыттың басшысы Ақерке Құсанова, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов осыған байланысты баспасөз брифингін өткізді. Қыркүйек айынан басталған іс-шаралар кешені ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҮЕҰ-ның және волонтерлікті дамыту саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
– Өңірлердегі іс-шаралар барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жобалар анықталып, волонтерлік саладағы проблемалар мен қажеттіліктер талданады. Және 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамытудың Жол картасына ұсыныстар мен ұсынымдар жиналады. Жол картасы аясында волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдаудың стандарттары айқындалады, – деді А.Құсанова.
Шымкент қаласында осы кешенді іссапар аясында мемлекеттік қызметкерлермен, волонтерлік ұйымдармен оқыту-семинарлар ұйымдастырылмақ. Онда жол картасының жобасын дайындау бағытында әр өңірдің ерекшелігі, мәселелелері талданады.
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исаховтың айтуынша, 2020 жылдан бастап орталықта волонтерлікті дамыту бағытында фронт-офис жұмыс істейді. Қазір қалада 10-нан астам үлкен волонтерлік ұйым бар. Олар спорттық, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысуда.

Тағабай Қасым