ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ МІНДЕТІ – ЕЛДІҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

130

Аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берді. Аймақ басшысы атап өткендей, жергілікті биліктің басты міндеті — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.

— Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Бүгінгі есепті кездесуде қоғамдағы жүйелі сұрақтарды бірлесіп саралап, жоспарларды талқылаймыз. Алдыңғы есепті кездесуде бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгіздік. Келер жылы пайдалануға береміз,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесуде саурандықтар өздерін толғандыратын сұрақтарын тікелей облыс әкіміне қойды. Халықтың басым бөлігі ауыз су, инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін көтерді. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Тұрғындарды белсенді болуға шақырып, маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды деп айтып өтті.

— Ауылдағы өзекті мәселелерді Сіздерден артық ешкім білмейді. Сондықтан белсенді болуға, түйткілді мәселелерді дер кезінде жеткізуге шақырамын. Маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды. Біз өз тарапымыздан оларды шешудің заңды тетіктерін қарастырамыз. Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу — әр әкімнің басты міндеті. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады.