ЖУРНАЛИСТ ҺӘМ ЖАЗУШЫ
Жалпы, көптеген қаламгерлердің жазушылық жолы журналистикадан басталатыны мәлім. Оларды саусақпен санап шығу мүмкін емес. Бұл тұрғыда қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкеевтің шығармашылық жолын мысалға алсақ та болар. Сол секілді, жерлесіміз Тұрабай Мырзахметовтың де жазушылық жолы журналистикадан басталған. Ал негізінде, ол кісі көпшілікке қаламгерлік қырынан гөрі, журналистік қызметімен көбірек танымал. Себебі, осы салада ұзақ жылдар жұмыс істеген. Енді Тұрабай ағаның өмір жолына кішкене көз жүгіртіп өтелік.
Тұрабай Мырзахметов 1922 жылы бұрынғы Шымкент облысы, Түркістан ауданының (қазіргі Түркістан облысы, Сауран ауданы) Шорнақ ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Шорнақтағы жеті жылдық мектепті бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1941-1947 жылдары бұрынғы Фрунзе(қазіргі Сауран) ауданында алғаш аудандық партия комитетінде техникалық хатшы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, 1947 жылы аудандық «Стахановшы колхозшылар» газетінің редакторы қызметін атқарған. 1947-1949 жылдары Республикалық партия мектебінде білім алған. 1949-1954 жылдары Мақтарал аудандық «Социалистік еңбек» газетінің редакторы, 1954-1955 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1955-1958 жылдары КПСС Орталық Комитетінің Жоғарғы партия мектебін бітіріп, 1959 жылдың қыркүйек айына дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы болып жұмыс істеген. Облыстық партия комитетінің шешімімен 1959-1962 жылдары «Қызыл Түркістан», 1962-1985 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек», «Коммунистік мехнат» газеттерінің редакторы болған.
Бұл жылдар – жай цифрлар тізбегі емес. Бұл – Тұрабай Мырзахметовтың елі үшін еткен еңбегі мен төккен терінің нәтижесінде жасалған, мехнатты жылдар жылнамасы. Тұрабай аға зейнетке шықса да тыным көрмей, қалалық байланыс торабында кадрлар бөлімінің бастығы, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батырлары Құрбанбай Ырысбеков, Расул Есетов жайлы кітапшалары жарық көрген. Бұл кітаптарында отан үшін от кешкен қаһарман батырлардың соғыстағы жанқиярлық ерліктері тамаша бейнеленіп, кестелі тілмен, көпшілік оқырманға жеткізілген. Бұл дегеніңіз – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қосылған үлкен үлес болып саналады. Мұның барлығы да бір адамның бар ғұмыры үшін, аз бейнет емес.
Еткен еңбегі еш кетпей, 1975 жылы «Республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атаққа ие болады және «КПСС – 50 жыл», «Ерекше еңбегі үшін», «Лениннің 100 жылдығы», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Түркістан қаласының құрметті азаматы». Отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке, олардан немере, шөбере сүйген.
Қиындығы мен қызығы, жақсысы мен жаманы аралас екі ғасырдың, әртүрлі формацияда қалыптасқан екі дәуірдің куәсі болған, көрнекті қаламгер, білікті басшы Тұрабай Мырзахметов 2006 жылы 5 маусым күні өмірден озды.
2022 жылы Тұрабай Мырзахметовтың 100 жасқа толу мерейтойына орай, Саттар Ерубаев музейінің «Түркістаннан шыққан танымал тұлғалар» бөлімінің экспозициясы Тұрабай аға жайлы мәтіндік мәліметтермен толықты. Келуші қонақтар үшін, басқа да тарихи экспонаттармен қатар, музей экспозициясын «Түркістандық танымал тұлғалар» туралы деректермен мүмкіндігінше толықтырып отыру міндетіміз.
Айнұр ЕСМЫРЗАЕВА,
Саттар Ерубаев музейінің қызметкері.