АУЫЛЫМ — АЛТЫН БЕСІГІМ

128

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Ауылымның тарихы терең. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Ораңғай — 2 мың жылдық тарихы бар түркі жұртшылығының қарашаңырағы. Бәйтерегіміз Түркістанның бір бұтағы іспетті. Мың үш жүз жылдық тарихқа ие Ораңғай ауылы әлемге әйгілі Түркістан қаласында өмір кешкен Ахмет Яссауи бабамыз кесенесінің шығыс беткейінде, яғни Түркістан және Кентау қалаларының ортасына салынған жолдың екі жағына орналасқан ауыл. Осындай ауылдың Ораңғай деп аталуына қатысты ата- бабаларымыздан қалған аңыздар бар. Аңызда Моңғол қолбасшысы үлкен күшпен Орта Азияны жаулап алуға келгенде екі қырдың аралығында жайғасқан сұлу ауылға кез болады.

Аумақтың тазалығын тыныштығын көрген қолбасшы өз әскерлеріне біраз уақытқа демалуға рұқсат береді. Алыс сапарға шыққан қолбасшылар жанұясында өздерімен бірге алып жүретін болған екен. Қолбасшының «Оренғой» есімді баласы серуенге атпен шығып, із- түзсіз жоғалып кетеді. Мәліметтерге қарағанда Оренғойды жыртқыш аңдар жеп қойған екен. Сол баланың есімімен байланысты Оренғой атауы кейін Ораңғай ауылының аталуына негіз болған деген пікірлер де ата-бабалардан мұра ретінде жеткен. Ораңғай атауының тарихын зерттеуде белгілі археолог, тарихшы Сержан Мұсатайұлы Ақынжанов оғыздардың тайпалық одағында көшпелі «кайи» тайпасы болғандығын, Сырдарияның оң жағалауын мекендеген «кайи» тайпасы түркі вариантымен «уран» деп аталғанын ескертеді. Яғни ғылыми осы дәлелдерге сүйенсек «Уранкай, уранхай» сөзі «жылан» деген мағына береді деп айтуға болады. Сондай-ақ, Ораңғайдың тарихына тиісті мәліметтер тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаевтың зерттелуінде: Ораңғай селосымен көршілес Құсшыата селосы бір өзеннің суын ішкен.

Екі қырдың арасына жайғасқан суы мол, үлкен 5 арық бар, зәулім ағаштары бар, иесіз бос жатқан жерге қаладан дихандар ерте келіп егін егіп, күзде мол өнімдерін жинап алып қалаға қайтады екен. Міне, ауыл – ырыс-береке мен мерекенің құт мекені, ынтымақтың отаны. Бастысы Ораңғай тұрғындарының тұла бойында керең еститін, зағип көретін тіл — мейірім бар. Ол деген ауыл тұрғындары ауыл аймағымен, бота тайлағымен тату да тәтті күн кешуде деген сөз. Аллаға шүкір! Сондықтан қазыналы аймақ, киелі өңір — Ораңғайдай ауылда тұратыны-ма кеудемді кере мақтана аламын.

Қорытындылай келе, ауыл-ұлтымыздың, xалқымыздың, күллі қазақтың алтын тұғыры. Ауыл-тіршілігі қайнаған қазағымның небір қилы заманды бастан өткеріп жатқанда ұлттық болмысымызды сақтап келе жатқан құтты мекені.

«Ауылға барам, Бәрі де таныс ел жақта, Аңқылдайды олар, Қарамайды олар бар жоққа», — деген өлең жолдарынан байқайтынымыз, ауылымыз күллі жұртқа мәңгілік үлгі — өнеге.

 

Гүлназ ЕРМЕТОВА ,

Ораңғай ауылдық кітапханашысы.