ШАҒЫН МЕКТЕПТІҢ ШИРАҚ ҚИМЫЛЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелеріне нақты қамқорлық қажет екендігіне ерекше тоқталды.
«Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.
Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.
Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.
Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.
Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», -деген болатын.
Осыған орай, Сауран ауданындағы шалғай елді мекенде орналасқан Қаражон мектебінің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы іс-тәжірибелерін ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Сауран ауданының білім бөліміне қарасты «Майдантал» ауылдық округінде орналасқан «Қаражон» шағын жинақталған жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетістіктері қуантарлық. «Қаражон» шағын жинақталған жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1991жылы салынып, қолданысқа берілді.
Қазіргі таңда 165 оқушы білім нәрімен сусындауда. Барлық педагог саны — 43 болса, олардың ішінде жоғары білімдісі — 42, арнаулы орта білімдісі бір мұғалім. Педагог шебер жоқ, педагог зерттеуші — 6, педагог сарапшы — 9, педагог модератор — 15, Магистр – 2 педагог, ОББ мақтау қағазымен марапатталған – 6.