ТӨЛЕМЕТОВ КӨШЕСІНДЕГІ САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП, ҚОСЫМША ІРІ КӨКӨНІС НЫСАНЫ АШЫЛАДЫ

43

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Grand Park Shymkent» сауда орталығын аралап, жұмыс барысымен танысты.

«Grand Park Shymkent» сауда орталығы 2022 жылы ашылды. Жалпы ауданы – 2,7 гектар. Мұнда 430 сауда орны мен 350 автотұрақ алаңы бар. Жұмыс орын саны 500-ді құрап отыр.

Алдағы уақытта аталған сауда нысанының ауқымы кеңейіп, көкөніс және азық-түлік сатылатын ірі орталық ашылады. Қала әкімі жауаптыларға халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында сауда орталығының алдына аялдама орнатып, Төлеметов көшесі бойымен қоғамдық көлік қатынасын көбейтуді жүктеді. Осы орайда сауда орталығының директоры қала басшысынан қосымша жер телімін рәсімдеуге қолдау сұрады. Қала әкімі кәсіпкердің өтінішін ескеріп, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысына жағдайды заң аясында зерделеп, шешімін жан-жақты қарастыруға тапсырма берді.

Жалпы, қалада қазіргі таңда 8 ірі ойын-сауық орталығы, 1 ойын-сауық кешені, 20 сауда үйі, 14 сауда орталығы, 4 тұрмыстық техника және электроника гипермаркеті, 2 тұрмыстық техника және электроника дүкені, 22 гипермаркет, 20 супермаркет бар.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі