ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ САПАСЫН ҚАДАҒАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ
Түркістан облысында құрылыс нысандарының сапасын және қауіпсіз болуын қадағалау бойынша жұмыстар күшейтіледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаиловтың айтуынша, облыс аумағындағы 300 (оның ішінде, бюджеттік – 117, жеке – 183) құрылыс нысанында анықталған заң бұзушылықтар негізінде 472 хаттама толтырылып, 104 млн. теңге айыппұл салынды. Оның бүгінгі күнге 85,64 млн. теңге қаржысы (82,45%) өндіріліп, облыстық бюджетке қайтарылды. Жалпы салынған айыппұл мөлшері 2022 жылмен салыстырғанда 33 пайызға артып отыр (2022 ж. – 69,57 млн. теңге). Бюджет есебінен салынған нысандарға 136 хаттама толтырылып, шара көрілді. Оның ішінде, білім нысандары – 24, денсаулық – 6, тұрғын үй – 29, инженерлік инфрақұрылым – 64, жол – 4, өзге де нысандар – 9 бірлікті құрады. Өткен жылы 72 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 93,5 пайызға артқан (2022 жылы – 9).
Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты күшейтіп, құрылыс нысандарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Бірінші кезекте – сапаға мән беру керек. Халықтың өтінішіне құлақ аса отырып, бірге жұмыс істеу қажет. Тұрғын үй құрылысының сапасын толық бақылаңыздар. Орын алған кемшіліктер болса, қалпына келтіру жұмыстарын толық аяқтағанша, қадағалаңыздар. Жұмысты тиісті деңгейде атқара алмаған жобалаушы, сапаны бақылаушы, техникалық қадағалаушы мекемелеріне шара қолдану керек. Құзырлы органдармен бірге жұмысты күшейтіңіздер. Мердігерлердің де жауапкершілігін көтерген жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Басқармамен құрылыс нысандарының жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарында мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұзғаны үшін лицензия мен аккредитацияларды тоқтату үшін 27 мердігер мекемеге, 3 жобалаушы мекемеге, 1 сарапшы ұйымға, 2 техникалық қадағалаушы мекемеге, 9 техникалық қадағалаушы эксперттің аттестаттары 6 айға тоқтатылып, айыппұлдар салынды. Бiр жыл iшiнде әрекеттер қайталанған жағдайда субъектілер лицензиясынан айырылады.
Сонымен қатар өткен жылы заңсыз салынған 9 нысан бұзылды. Өз бетінше салынған құрылыстарды мәжбүрлеп бұздыру туралы сот шешімдері негізінде 6 нысан, ал басқарма арқылы жүргізілген түсіндірме жұмыстары нәтижесінде өз еркімен 3 заңсыз құрылыс нысаны бұзылды. Облыс аумағындағы инфрақұрылым құрылысы нысандарына қатысты Бәйдібек, ауданында 4 мердігер мекемеге, Ордабасы ауданындағы 14 мердігер мекемеге, 4 техникалық қадағалаушыға тиісті шаралар қолданылды. Сарыағаш ауданындағы шипажай нысандарының заңдылығына талдау жүргізілді. Басқарма тарапынан анықталған заң бұзушылықтар негізінде 6 нысан иелеріне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 1040 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, жол құрылысының сапасы да басқарма бақылауында. Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар қабылданды. Жол активтері сапасы ұлттық орталығының қызмет көрсету құнын тұрақтандыру бойынша тиісті келіссөздер жүргізіліп, баға төмендетілді.
Еңбекті қорғау саласына қатысты түскен арыз-шағымдар бойынша жұмыстар нәтижесін беруде. Өткен жылдың қорытындысымен еңбек қатынастары саласында 1200 шағым қаралып, соның ішінде 292 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 440 заңбұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтардың негізінде 9,8 млн. теңге айыппұл салынды. Былтыр 6299 қызметкерге 829,7 млн. теңге көлемінде жалақы қарызына жол берген 14 кәсіпорын анықталып, 826,2 млн. теңге өндірілді. Аталған бағыттар бойынша жұмыстар жалғасады.