БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ ТҰҚЫМБАҚ АШУ ЖОСПАРЛАНУДА

212
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, облыс аумағында заманауи тұқымбақ ашуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осы орайда, бүгін, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков және орман шаруашылығы мекемелерінің
қызметкерлерінің қатысуымен мәжіліс өтті.
Жиналыста орман шаруашылығы мекемелерінде замануи тұқымбақ ашу, елді мекендерді көгалдандыру саласын заманауи деңгейге көтеру, сұранысқа ие көшеттерді өсіру бойынша тұқымбақ шаруашылығындағы үздік тәжірибелерді саралау және оны қолданысқа енгізу бойынша талқыланды.
Басқарма басшысының орынбасары облыстағы заманауи тұқымбақты «Жасыл аймақ» КММ-нің базасында ашу жоспарланып отырғандығын айтып, қазіргі таңда тұқымбаққа арналған жерлер нақтыланып, мемлекеттік акт алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ қалған орман шаруашылығы мекемелерінде қосымша заманауи тұқымбақ бұрыштары ашылатынын жеткізді.
Алдағы уақытта тұқымбақты ашу мекеменің тапқан табысы, үнемделген қаржылары мен инвесторларды тарту арқылы атқарылады.
Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасы аясында мекеме басшылары мен салаға жауапты мамандар Өзбекстан, Ресей елдері мен облыстардың тұқымбақтарындағы заманауи зерттелген үздік тәжірибелерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу сапарымен барып қайтқан болатын.