ТАТУЛЫҚ – БАСТЫ ТІРЕГІМІЗ

135

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен өзбек этномәдени орталығының өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры, аудандық мәслихат депутаты Арсылан Раматуллаев, өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков және 12 ауылдық округтердегі орталықтың өкілдері қатысты.

Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев өзбек этномәдени орталық өкілдерінің жұмыс жоспарларымен танысып, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарын тыңдады. Жиында өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков мәдени орталықтың 2023 жылы атқарған жұмыстарын баяндап өтті.

“Елдің бірлігі мен ынтымағы ең асыл қасиет. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас», — дейді ұлы халқымыз. Еліміздегі ұлттар бірлік пен татулықты әрдайым ту етіп келеді. Қазақ халқының қамқорлығын көрген 130-дан аса ұлт өкілі еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін еңбек етіп жатыр. Олардың тілі мен салт-санасы бөлек болғанымен, қазақ халқымен жүрегі бір, тілегі бір. Қазіргі таңда ауданымызда түрлі ұлттың өкілдері тұрады. Оның ішінде өзбек этно-мәдени орталығы жұмыс жасайды. Ауданымызда жалпы саны — 46 мектеп болса, соның 21-і аралас мектептер. Осындағы оқушылар бір үйдің баласындай білім алуда. Сондықтан ел бірлігін насихаттауға күш салуымыз керек”, — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.

Иә, бірлік — бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық — халқымыздың әл-ауқаты жақсаруының, ел экономикасы өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екені сөзсіз.

Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, ел бірілігі туралы кеңінен насихаттау туралы көпшілік тарапынан көптеген ұсыныс пікірлер тыңдалды. Айтылған мәселелер хаттамаға түсіріліп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жүргізетін болып келісілді.