ХАЛЫҚТЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУДЫРАТЫН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛУІ КЕРЕК

550
 Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың, ауданның прокуроры Абзал Қыдырбайдың және аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Ғалымжан Қуашбаевтың, сонымен қатар ауыл әкімдерінің, тиісті сала мамандарының қатысуымен “Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі” жобасы бойынша жиын болып өтті.
 Бұл Президенттің тапсырмасы негізінде қолға алынған жоба. Негізгі мақсаты-инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу тетігін жетілдіру және профилактикалық тиімді құралдарды енгізу.
 Аудан прокуроры инвесторларды қорғау бағытында қолға алынған шараларға кеңінен тоқталып, ауданда кәсіп ашуға ниетті инвесторларға заң аясында кедергісіз жәрдем көрсету керектігін айтты. Сондай-ақ салық, төтенше жағдайлар сынды мекемелерді кәсіпкерлерді тексеруге қатысты хабарламаларды негізсіз бермеуге шақырды. Яғни, барлығы прокуратура органдарымен келісілген түрде жүзеге асу керектігін тілге тиек етті.
 Аудан әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасауда ауданда тындырымды тірліктердің атқарылып жатқандығын айтып, десе де жер қойнауын заңсыз пайдаланған кәсіпкерлерге, қоршаған ортаға, тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп жатқан кейбір өндіріс орындары мен кәсіпорындарға заң аясында шара көрілу керектігіне кеңінен тоқталды. Яғни, “Халықтың наразылығын тудыратын мәселелер шешімін табуы тиіс” деді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі