АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “КӨШЕТ ЕГУ ШАРАСЫНА ӘРБІР АЗАМАТ ҮЛЕС ҚОСУЫ КЕРЕК”

93

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда үш мәселе қаралды. Біріншісі — елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары туралы. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасады.

Жалпы, 2024 жылы көктем мезігілінде аудан көлемінде 23 мыңнан астам көшеттің бірнеше түрін отырғызу жоспарланған.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы көктемнің мәні көшет егуде екенін айтып бірқатар ауыл әкімдерін сынға алды:

— Қазақта “Атадан мал қалғанша тал қалсын” деген қанатты сөз бар. Табиғат ана оянған мезгілде айналаны тазалау, ағаштарды бұтап, түбін әктеу және көшеттер отырғызу үрдіске айналуы тиіс. Десек те, кейбіреулеріңізде дайындық жұмыстары сын көтермейді. Мысалы, біразыңызда егілетін көшеттерді суландыру жүйесі реттелмеген. Көшет отырғызылатын орындар да түпкілікті нақтыланбаған, — деген аудан басшысы мерзім белгілеп, жауапты бөлімнің мамандарына, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудан басшысы елді мекендерді көркейтуге, көгалдандыруға, келбетті жасыл желекке айналдыруға сол жердің азаматтары өз үлесін қосуы керектігін тілге тиек етті.

Екінші мәселе — көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы. Ол бойынша аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы

Берік Алтынбеков баяндама жасады.

2024 жылы 71,6 мың га жер игеріледі деп жоспарланған. Мысалы, 27 149 га бидай,

3 114 га арпа, 6981 Га жүгері егу көзделіп отыр.

Жаздық дақылдар үшін 31 363 га жерді айдау жоспарланса, қазіргі таңда 24 312 га айдалған.

2023 жылы жоспарда 105 жаңа АШ техника алу керек болса, жалпы 115 техника алынған. Осы жылы 117 бірлік АШ техникасын алу жоспары тұр.

Осы және басқа да жұмыстарды баяндаған бөлім басшысына, ауыл округтердің әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтар болсақ, игерілмей жатқан суармалы жерлердің иелерімен кездесіп, оларға су үнемдеу технологиясын, яғни жаңбырлатып, тамшылатып суғарудың тиімділігін түсіндіру, қызығушылықтарын арттыру керектігін сөз етті. Сонымен қатар, механикалық тазалаудан өткізіліп жатқан каналдарды қатаң бақылауда ұстаулы тапсырды.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов құрылысы жүріп жатқан заңсыз, қызыл сызыққа енген нысандар мен орталық көшелердің бойындағы нысандардың қасбеттерін ретке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Арнайы құрылған топ ауданда 32 нысанның құрылысы заңсыз екенін анықтаған. Олардың дені Бадам, Шұбарсу, Төрткөл, Темірлан, Қараспан а/о орналасқан.

Арнайы талаптар сақталмай жүргізілген (нысаналы мақсатын өзгертпеген, құрылыс салуға рұқсат алынбаған т.б.) құрылыс нысандарды заңдастыруды тапсырған аудан басшысы, қызыл сызыққа еніп кеткенкендерінің сот тәртібімен бұзылуы керектігін айтты. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне үлкен жолдың бойындағы коммерциялық нысандардың иелеріне айналасын тазалап, қасбетін жаңалап (әрлеп-сырлау, маңдайшасын жаңарту және т.б.) отыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі