«БАЛАПАННЫҢ БАЗАРЫ» ТАРҚАМАЙДЫ
Шығармашылық әлемде «Балапан – Базар» атымен мәшһүр болған Базарбек Түкібай шындығында үлкен талант иесі. Әйгілі балалар ертегісінде айтылатын «Ертөстігім бір төбе, қалғандарым бір төбе» дейтін теңеудей, Базекең тараған әулет өте үлкен. Әйтсе де қалам ұстаған ағайындар арасында «Түкібай мен Әмірбек шалдан тараған перзенттердің Базарбегі бір төбе, қалғандары бір төбе» деген астарлы әзіл бар. . Олардың бәрін төбе түгілі тауға теңеуге болады, әйтсе де біздер үшін Базекеңнің жөні тым бөлек. Әрине ол әулеттен тараған ұрпақтардың бәрі шығармашыл салада жүрген шын талант иелері. Сондықтан да белгілі журналист Асхан Майлыбаева апайым бұл әулеттегі ұрпақтардың қанында қаламның сиясы бар деп тегін айтпаған
Жастайын –ақ сатиралық жанрда өзіндік із қалдырып үлгерген Базекең тек осы бір ғана салада емес, өнер мен әдебиеттің басқа да майданында өз дарынымен мойындалған дарын иесі. Тіпті, Базекең шығармашылықтан мүлдем бөлек сауда саласында да із қалдырған тұлға. Базекең «Базарбек» деп өз аты айтып тұрғандай базардың да бастығы болды. Нарық заманына сай кезінде ашылған базар да, басқа да көп болды ғой. Базар ашқанның бәрі елдің жағдайын ойлайын, табыс тапсам, соны осы елге үлестіріп берейін деп емес, керісінше оның пайдасын көремін, байлыққа батамын деп ашатыны да белгілі. Ал Базарбек олай етпеді. Базарбектің базары сонау замандағы Кеңес адамдары армандап жете алмай кеткен коммунизмнің бір пұшпақ филиалындай көрініс тауып, Алматының біраз халқын біраз жыл асырады. Оған құдай куә, ел куә. Алматыдағы АХБК сарайының маңына орналасқан бұл базардың негізігі келушілері әсіресе шығармашылық өкілдері еді. Ол уақыт астана әлі Астанаға көшпеген тұс. Алматыда бұл кезде шығармашылық сала өкілдерінен аяқ алып жүргісіз еді. «Ит қорыған жерге өш келеді» дегендей, Одақ тарап, жұрт ненің не екенін айыра алмайтын, әрі айнала тоқшылық емес, жоқшылық шекпенін жамылып жатса да шығармашыл ағайындар бусанып жүретін. Түнімен бұрқырата өлең оқып, жазғанын Базарбеке жуғызып аттанған сол ағайындар ертеңіне таң атпай қаздай тізіліп Базарбекің базарына қайта жиалып келіп тұрушы еді. Күн шығып, базар ашылса болды кешегі жағдай бүгін қайтадан қайталанып, ол ертеңге,сосын арғы күнге дегендей жалғасып кете беретін. Бұл ағайындардан түсіп жатқан көк тиын пайда болмаса да Базекеңнің базары оларға Қызыл крест қоғамындай қайырымдыдық шараларын жүргізе беретін. Қайран терісі кең Базекең- ай! Осының біріне де қыңқ етпей, ешкімнің көңілін қалдырмады. Осыдан кейін Базекеңді төбе дейсіз бе, әлде тау дейсіз бе?
Осы арада өзім көрген бір оқиғаны айта кетейін.
1996 жылдың 31 – желтоқсаны болатын. Мен ол кезде Республикада жаңадан ашылған күштік құрылымдардың бірі — Мемлекеттік Тергеу Комитетінің «Қылмыс пен жаза» газетінде қызмет атқарушы едім. Сол күні жаңа жылды Алматының Жоғарғы Каменькасында тұратын журналист Сейітхан Зеберханұлының саяжай -үйінде қарсы алатын болып шешкенбіз. Ал үйдегі келін- кепшіктер күн ілгері сонда кеткен. Жұмыс қауырт болып біздер тым кеш келдік. Секең бізді қосымша «свежий» ет әкелуге етекке қайта жұмсады. Өйткені Секең шашлыкты тәуір көруші еді. Мезгіл тым кеш. Қыстың күні. Таудан төмен түскен біздерге ең жақыны Базекеңнің базары болатын. Салып ұрып сонда келдік. Түнгі сағат 10- дар шамасы болса да Базекеңнің базары қайнап жатыр. Бізді қайдан байқап қойғанын білмедім, осы кезде базарком Базекең келген шаруамызды айтуға шамамызды келтірместен кабинетіне бастай жөнелді. Арғы жағы белгілі ғой. Мерекелік тост, тәтті тілектер айтылды. Қызық далаға шыққанда болды. Көңілі алаулаған Базекең:
-Мұхтар бауырым, баяғыда совхоз деген болатын. Ал сол совхозға сен сияқты бауырлар келгенде бір қой сойып, бір қойды машинаңа салып жіберу совхоз директорына түк те тұрмайтын. Ал қазір совхоз жоқ. Есесіне базар бар. Ал сол
базардың бастығы Базарбекке сенің машинаңды толтырып жіберу түкке тұрмайды,- деді де жанындағы жігіттеріне ым қақты. Олар біздің қарсылығымызға қарамай, көзді ашып – жұмғанша болған жоқ, өзіміз мініп келген ГСК – нің «служебный» «Жигули» машинасының багажын тең – тең қаппен толтырды да тастады. Бұл Базекеңнің жоғарыда айтқан жомарт мінезіне бір дәлел болса керек.
Мен өзім Базекеңді сонау студент кезімнен білемін.Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Елорда Астанаға көшкен тұста Астанада біраз қызметтес болып, ол кісі Шымкентке ауысты. Орнында мен қалдым. Кейін мен де Шымкентке ауысып, «Қазақстан –Шымкент» телеарнасында тағы да бірге қызмет атқардық .
Базекеңнің тағы бір жомарттығын айтайын. Мен ол тұста «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан берілетін «Ауыл- аймақ» бағдарламасының Оңтүстіктегі тілшісі едім. Ақ түсті «Жигулиім» болатын. Базекең ол кезде қаһарлы телеарна директоры Қалыбек Атжан мырзаның орынбасары. Бір күні Базекең мені кабинетіне шақырды да, жағдай сұрап болған соң:
-Бауырым, ел ішінде жүрсің ғой. Мұхтар деген атың бар. Жұрттың бәрі иномарка мініп жүргенде білдей бір «Ауыл – аймақтың» тілшісінің «Жигули» мініп жүргені жараспас. Сен менің анау үйде тұрған «Ауди» автокөлігімді мін. Саған сыйладым,- деді. Қапелімде ондайды күтпеген мен не дерімді де білмей күмілжіп қалдым.
-Базеке, бұл қалай болар екен. Өзіңіз не істейсіз?
-Құдайға шүкір, менде қызметтік көлік бар ғой. Жаяу емеспін.
Осы сәт оның кабинетіне телеарнаның шаруашылық меңгерушісі Жетібай Барпиев пен бас редактор Қанат Жүнісбеков келе қалды.
-Жігіттер, мен аяқ астынын үлкен олжаға кенеліп, басыма бақ қонып отыр. Сіздер не дейсіздер?- деп болған жайды айтып едім, олар да таңырқасып барып, ақыл қосты.
-Міне, нағыз азамат. Астындағы атын түсіп бере салды деген осы шығар. «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, сен енді «Жигулиіңді» Базекеңе сыйла. Көргенсіздік болмасын,- деп Жетібай мырза ағалық ақылын айтты. Оны Қанат қоштап, мен сөйтіп әп –сәтте шетелдік көлік мініп шыға келдім. Мұны кейін талай жұрт естіді. Сенбегендер де болды. Бірақ шындығы солай еді. Айтпақшы одан да ашық шындықты айтайын. Базекең сол «Жигулиді» алмады. Реті келген бір сәтте айтыс өткізіп, соның жүлдесіне тігейік деді де көлікке бастан –аяқ жөндеу жұмыстарын жүргізіп, теледидар ауласына әкеліп қаңтарып қойды. Машина сол тұрғаннан тапжылмай сегіз ай аулада тұрды. Айтыстың реті келмей кетті. Жігіттер көлікті анда – санда оталдырып, жүргізіп қойып жүрді. Сөйтіп жүргенде телеарна директоры тарапынан да «ауланы босат» деген талап қойыла бастады. Не істеу керек? Сатқаннан басқа амал жоқ. Ал Базекеңнің саудасының да жайы белгілі.
Шымкенттің шіліңгір шілдесінде көлеңке қуып, бір шайханада Базекең, мен және завхоз Жетібай мырза үшеуміз шәй ішіп отырсақ ауылда тұратын жақын інім жолыға кетті. Қалтасын тырыстыра томпайтып салып алған дүниесі көзге ұрып көрініп тұр.
-Әй, анауың не?- дедім мен қалтасын нұсқап.
-Ақша ғой, — деді қалтасындағы ақшасы есіне енді түскендей сыртынан сипалап.
-Оны неғып алып жүрсің?
-Машина базарға барып едім, машиана алайын деп, Бірақ қымбат екен. Ақшам жетпеді.
-Қандай машина алайын деп едің?
-Е, маған бәрібір, жүрсе болды.
-Ақшаң қанша еді?
-150 мың теңге.
-Әй, сен 150 мың теңгеге машина түгілі арба да сатып ала алмайсың ғой,- деп күле бастап едік, төрде отырған Базекең:
-«Жигули» аласың ба? –деп қалды.
Анау бұл сөзге таңырқай қарап қалды.
-Қорықпа, машина тамаша. Жүйткіп жүріп тұр. Бөтен емес, Мұхтардың бұрынғы «Жигулиі» ғой. Көріп пе едің оны,- деді Базекең оған күле қарап.
-Ой, оны талай мінгенмін.
-Мінсең сол, соны саған сатамыз. Сен анау ақшаңды мында қой.
Ауылдық аңқаулығы басымдау інім қалтасындағы целлофанға оралған ақшаны столға қойды. Санап жіберсек 150 емес, 148 мың теңге екен.
-Әй, мынауың 150 мыңға жетпейді ғой,- деді Жахаң күліп.
-Ақыры ауылға қайтып бара жатырмын ғой деп, қазір осы жерде мың теңгесіне шәй ішіп, шашлық жедім. Қалғаны міне, мынау, ол қайтуыма керек,- деп екінші қалтасынан мың теңгелік шығарып жатыр.
Не керек, машина солай сол жерде 148 мыңға сатылып, інім ауылға «капитальный ремонттан» өткен «Жигули» мініп аттанды. Ал Базекең болса сол 148 мың теңгені де «қанағат тұтпай», оның 20 мыңын «машинаны аулада күтіп – ұстағаның үшін» деп завхоз Жетібайға берді. Ол ол ма, Базекең сол машинадан құтылғанына қуанғандай бұдан бөлек тағы дастархан жайып, біразымызға қайта қошемет көрсетті.
Сонда деймін –ау, Базекеңнің бұдан тапқан пайдасы қайсы? Қайта зиян шеккен жоқ па? Айтысқа қоямын деп қайта ол оған қыруар қаржы да жұмсады. Айналып келгенде мен бір оқпен екі қоян атқандай болдым. Міне, бұдан кейін Базекеңді жомарт емес деп қалай айтпассың! Мұны да бір түйіп қойыңыз.
Қайран Базекең! Мен енді Базекеңнің жомарттығынан бөлек жанының нәзіктігіне де тоқталсам. Өйткені олай айтуға басқаны қайдам менің толық құқым бар.
(Айтпақшы «нәзік» дегеннен шығыды, қаһарлы Қалекең, Қалыбек Атжан ағамыз 50 – ге толғанда осы Базекең ол кісі туралы «Нәзік жүрек» атты мақала жазғанда белгілі қаламгер Мархабат аға Байғұт «нәзік жүрегің Қалыбек болс, қойдым» деп таңырқаған екен.)
Мен Астанадан елге ауысып келгеннен соң бірер жыл кейін біршама уақыт бос жүріп қалдым. Міне, осы тұста жүрегі нәзік Қалекең «елге келген баладан» обал болмасын деп мені іздеп, тауып телеарнаға қызметке алды. Қайран Қалекең ағам телеарнадағы бүкіл басшы құрамды жинап алып: «Мына бала сонау студент кезінен –ақ, көзге түсіп, қаламы «Жас Алашта» ширығып келген журналист. Газеттің майын ішіп үлгерген. Оқыған оқуы да телевидение болғанымен газетке кетіп қалаған. Бірақ оқу бір басқа, практика бір басқа. Қазіргі заманда телевидениенің жұмысы да ол кездегідей емес, өзгеріп кеткен. Мұның жаңа технологияға тезірек бейімделіп кетуіне жағдай жасаңыздар», — деп тапсырудай –ақ тапсырды. Бұл Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңындағы сәуір айы болатын. Адам абыройсыз боламын десе аяқ асты екен. Дәл сол кезде Хан қызындай Ханбибі апамыздың 55 жылдығы бола қалмасы бар ма?! Елге танымал апамыздың тойына Алматы мен Астанадан да қонақтар келді. Міне, сол тойда көптен бері көрмеген біраз алматылық ағайындарға ұшырасып, шарап ішіп қойыппын. Ал маған бұл кезде шараптың қай түрі болса да жақпайтын «кесел» жабысқан еді. Қайтейін, ауырып қалдым. Арада екі- үш күн өтіп кетті. Қалекең болса бүкіл жұрттың көзінше менің мақтауымды жеткізіп айтқаны анау, мен болсам міне, үш күн жоғалып отырмын. Осыны ойлап, ұялғаннан жұмысқа мүлде бармай қойдым. Сонымен арада бақандай алты ай өтті. Қазан айының орта шені болатын. Әйтеуір әлдекімдерден «Базекең сені қатты іздеп жатыр» дегенді естіп, Базекеңе хабарластым.
-Үйіңе қанша іздеп бардық, көшіп кетіпсің. Барған жеріңнің адресін ешкім білмейді. Немене, біреуден қашып жүрсің бе?- деді Базекең салған жерден:
-Жоға-ә, Базеке.
-Олай болса, бүгін күн жұма, сен дүйсенбі күні сағат 10-да тас- түйін жұмысқа кел.
-Ойбай –ау, Базеке, Қалекең не дейді. Ұрып өлтірмей ме?
-Жоқ, ол кісімен өзім сөйлесемін. Давай айтқанды істе. Сөз осымен тәмам болды да, мен дүйсенбі күні сүмірейіп Базекеңе келдім. Жиналыс біте салысымен, Базекең мені сүйрегендей болып Қалекеңнің алдына алып кірді. Менде үн жоқ.
-Айналайын, Қалеке, маған сеніңіз. Мұның ендігі өміріне мен өзім гарант болайын. Егер де бұл бұдан кейін бір тамшы шарап ішсе, жұмыстан мұны емес,мені қуып жіберіңіз. Егер осы сөзімді ұстай алмасам, қызметтен сол күні өз еркіммен кетемін. Өтініш, Қалеке, баланы қызметке қайта алыңыз. Ендігі тәртібіне өзім жауап беремі! — деп Базекең мен үшін ант – су ішіп жатыр.
Ал Қалекең болса ана желкесін бір қасыды, мына желкесін бір қасыды. Сөйтті де:
-Ей!,- деді өзіне тән тік мінезбен.-Мен осы уақытқа дейін жұмыстан бір күн, бір апта, тіпті, бір ай қалғанды көріп, кешіргем. Сенікі не, мынау? Бақандай алты ай, есітіп отырсың ба, алты ай жоқсың жұмыста. Сұмдық- ай, сұмдық! Саған енді не дерімді білмей отырмын. Мынау менің практикамда кездеспеген масқара! Не істесем екен-а? – деп кәдімгідей қиналды. Шамасы Қалекеңнің «нәзік» жүрегі сыр берді –ау деймін. Қалекең ағамыздың ашуланса да жүрегінің ақтығын білетін Базекең де осы сәтті тап басса керек:
-Қалеке…,- деп қалды. Кімге де болсын қашан да қамқор боп жүретін жүрегі нәзік Қалекем басын әрі – бері шайқап отырды да:
-Бар жұмысқа кіріс. Стажер боласың,- деді. Базекеңнің де күткені осы болуы керек:
-Қалеке, сізге көп рахмет, көп рахмет!- деп жалпақтап, маған «бара бер» дегендей көзін бір қысып ым жасады.
Мен шығып кеткен соң директор Қалекең мен орынбасары Базекеңнің арасында нендей әңгіме болғанын кім білсін, менің «стажерлық» жұмысым көпке созылғын жоқ. Арада үш күн өтті ме, өтпеді ме Қалекең жауапты қызметтің бірін жүктеді де жіберді. Қызмет қалыпты жүріп жатты. Ұжым үлкен болған соң той да, томалақ та көп. . Міне, сондай тойларда алдымдағы бос рюмкелердің біріне шарап құйып аламын да, Базекең жаққа бұрылып:
-Базеке, құртып жіберейін бе?!-деп қоямын қолымдағыны көрсетіп. Әншейінде сабырлы көрінетін Базекең мұндайда:
-Әй, жүгәрмек бүлінбей тыныш отыр, — деп ыршып түсетін. Менің жұмысқа қалай қабылданғанымды білетін жұрт бұған күлісіп жататын. Шамасы Базекең бұл жауапкершілік пен үрейден Қалекең ағамыз тек Алматыға үлкен қызметке ауысып кеткен кезде ғана құтылған болуы керек, содан кейін мұндай әзілге селт етпейтін болды. Менің мұндағы айтпағым, Базекең бастық болып ешкімге мінез көрсетпеген азамат. Ол кісі қолынан келсе тек қайырым жасап тұруға құмбыл жан. Ағамыздың қамқорлығын көрген тек мен ғана емес. Олар толып жатыр. Бүгінде ол кісінің азды көпті шапағатына бөленгендердің бәрі де «Біз –Базекеңнің базарынан шыққанбыз» деп оны мақтан тұтады. Ол солай ұстаз болған тұлға. Ал азаматқа бұдан артық қандай марапат, қандай мақтау қажет?
Міне, бұл мен білетін Базекеңнің ел білмейтін бірер қырлары ғана. Алайда бар – жоғы осы бір шағын мақалада шын талант иесі Базекеңнің барлық қырын ашу мүмкін емес. Бүгінде Базекең танымал композитор Айжігіт Асановпен бірігіп, тамаша әндер жазды. Екеуінің шығармашыл бірлестіктерінің арқасында туған «Құрдастарым елуде», «Аққан жұлдыз», «Жеткізсін Алла жүз жасқа!» сынды көптеген әндері қазір жұртшылықтың жаттап алып айтатын тың туындылары. Ал Құрманәлі Жылқыбайдың сөзіне жазылған «Журналистер» әні мен Жарылқасын Дәулетпен бірігіп жазған «Пәк сезім» әндері бүгінде Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы. Сондай –ақ, Саттар Қуашбаевпен бірге жазған тағы бір «Тәуелсіздік» әні республикалық байқауда бас жүлдені алған тамаша туындылар қатарында. Міне, бұдан кейін Базекеңді төбе емес, тау демеске шараң жоқ. Ал Базекең «Қазақстан – Шымкент» телеарнасында директордың орынбасары болып қызмет еткен 7-8 жыл ішінде бастық болып шіреніп отырған жоқ. Ол осы кездері басшылық қарым – қабілетімен қатар телеарнаның көркемдік- шығармашылық әлеуетінің артуына да өлшеусіз үлес қосты. Мәселен, телевизиялық неше алуан фильмдер мен бағдараламаларға сценарий жазып, көпшілікке ұсынды. Соның бірі телеарна ауласындағы табиғи декорациямен түсірілетін «Шайхана» хабары еді. Бұл бағдарламаға Шымкентке келген құрметті қонақтар мен республикамызға белгілі талай – талай тұлғалар түсті кезінде. Сондай –ақ, телевизиялық ақындар айтысын да жиі ұйымдастырды. Бұлардың ішінде ең бір айта кетерлігі Ұлықбек Есдәулетовтің әйгілі «Қара пима» өлеңіне танымал өнер тарланы, әрі режиссер Арыстан Отарбаевты бас кейіпкер ретінде ойнатып, тамаша телефильм жасап шықты. Ол туынды да кезінде қалың көрерменнен өзінің лайықты бағасын алған болатын. Дегенмен, мұны Базекеңнің шығармашылық шегінің шыңы деп айтуға әсте келмейді. Дарын иесінің мүмкіндіктері әлі де сарқылмақ емес. Алайда, Базекең бүгінде шығармашылықпен қатар Ел ордасындағы Еуразия университетінде ұстаздық қызметті де қатар атқарып жүр. Ендеше, шығармашылықтан алыс деп айтуға келмейді. Әдеби ортаға «Балапан Базар» деген атпен таныс болған ағамаздың шығармашылық базары қашан да тарқамаса екен деген ойымыз да, тілігіміз де бар. Базекеңнің бергенінен әлі берері көп. Өйткені не жазса да июін қандырып, жұртшылықтың көкейінен шығатын дүние жазатын Базекең нағыз шығармашыл жан екені даусыз. Бұл тек таза дарын иесінің ғана қолынан келетін шаруа болса керек.Оған біз сенеміз. Міне, осындай азамат 60- қа келіп отыр екен. Құтты болсын айтамыз! Адамның жасы да бүгінде ақша сияқты инфляцияға ұшырып жатқанда, ер азаматқа 60 деген не тәйірі?! Бұйыртса, қайырымы да, мейірімі де мол нағыз дарын иесі Базекеңнің қаламынан әлі де тамаша шығармалар дүниеге келеді деп сенеміз. Лайым солай болғай!
Мұхтар Атабек. журналист