СОЗАҚТА «ТАЗА ӨЛКЕ» АПТАЛЫҒЫНДА 25 МЫҢ ТАЛ ЕГІЛІП, 485 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

36

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Таза өлке» апталығында Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді-мекендерде және де аудан орталығы Шолаққорған ауылында жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар, ауыл тұрғындары атсалысты.

Жалпы, аудан орталығында бөлінген секторлар бойынша бекітілген мекеме қызметкерлері көшелерді тазалау, күл-қоқыстарды шығару, ағаш көшеттерін отырғызу, Түркістан бағытына шығар жолдың бойындағы “Жасыл белдеу” аумағын арнайы шарбақтармен қоршап, көшеттерді суару сынды жұмыстар жүргізілді.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарының басында болған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесіп, ғимарат ауласына 150 түп түрлі жеміс көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ аудан орталығының ішкі көшелерін аралап, тазалық жұмыстарының барысын бақылауына алды.

Айта кетейік, бүгінгі сенбілкте Шолаққорған ауылының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көше 39 мекемеге бөлінді. Бөлінген секторлар Шолаққорған ауылының аумағын толықтай қамтиды. Ауылдың барлық көшелерінің тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

Барлық жекелеген секторларға жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілерінің бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Мұнан бөлек, аудан аумағында 75 шақырым көше бойлары, 11,4 шақырым аяқжолдар тазаланып, 22 балалар ойын алаңшасы мен 18 спорт алаңшасы ретке келтіріліп, 485 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды. Сондай-ақ аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ауылдық округтер мен кенттерде көше бойларына, әлеуметтік нысандар және саябақтарға жалпы саны 25 мың тал көшеттері отырғызылды. Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.