«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: КЕЛЕСТЕ 5 МЫҢНАН АСА АДАМ ҚАТЫСҚАН СЕНБІЛІК ӨТТІ
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Таза өлке» апталығы аясына Келес ауданында 5 мыңнан аса адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті. Тазалық акциясына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев және облыстық мәслихаттың депутаты Бахыт Басымбек қатысып, жол бойындағы қоршауларды әрлеу жұмысына қолғабыс жасады. Сондай-ақ, аудан басшысы тазалық жұмысының барысымен танысу үшін аудан аумағын арнайы аралап көрді.
− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде Түркістан облысының Келес ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауқымды түрде жүзеге асуда. Бүгінгі сенбілікке жиырмаға тарта техника және 5 мыңнан аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың негізгі міндеті. Ауданымыз, ауылымыз өзімізге керек. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Мемлекет тарапынан түрлі шаралар атқарылуда. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Мемлекеттік мекеме қызметшілері мен қоғамдық ақылы жұмысшылар, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, медициналық ұйымдар, ауыл билері, коммуналдық мекемелер, жастар және аудан тұрғындары атсалысқан тазалық акциясында Абай ауылы аумағын секторларға бөлініп тазаланды.
Сенбілік барысында Келес өзенінің қазіргі және ескі арналары қоқыстардан тазартылды. Әлеуметтік нысандар орналасқан, атап айтқанда орталық мешіт аумағындағы гүлзар аймағы және аурухана сондай-ақ республикалық А-15 трассасы бойындағы қоршаулар сырланып, бей-берекет өскен шөптер жойылды. Ағаштар бұталып, қоғамдық орындарға түрлі гүлдер мен көгалдар себілді.
Жалпы сенбілік барысында 141 тонна қоқыс арнайы орынға шығарылды. 11 мыңнан аса ағаш бұталып, түбі ақталды. 12 шақырымды құрайтын ирригация жүйелері ретке келтіріліп, 400-ден астам ағаш бұталары отырғызылды. Тазалық акциясы жалғасын табатын болады.