ЕЛ БОЛЫП ЖҰМЫЛАЙЫҚ

20

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының халқы су тасқынынан зардап шегіп, қиындыққа тап болды.

Осы орайда, осы өңірлердегі қалыптасқан жағдай және қабылданып отырған шаралар туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаев халыққа өзінің Үндеуін жариялады.

Мемлекет басшысы биылғы су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Президент бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты міндетті түрде еңсеретінімізді, суға кеткен үйлер қалпына келтірілетінін, қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды екенін жеткізді.

Әрине, осынау сын сағатта Президентіміздің бұл сөздері отандастарымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ерік-жігерін ынталандыра түсті деп ойлаймын.

Бүгінде Мемлекет Басшысының тікелей бақылауымен Республикалық штаб жұмыс жасауда. Үкімет тарапынан су тасқынының салдарын жоюға барлық қажетті шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, барлық өңірлер зардап шеккен тұрғындарға барынша көмектерін беруде.

Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы  бастаған тиісті құрылымдар мен облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, “AMANAT” партиясы және өзге де партиялар, облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы, жастар мен еріктілер, қарапайым тұрғындар да зардап шеккен өңірлерге қаржылай және гуманитарлық көмектерін жолдауда. Бүгінде Түркістан өңірінен 23 фура жүк көлігі, 7 – газель және 10 Альфард көлігі жалпы Түркістан өңірінен барлығы 561 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Материалдық көмектен бөлек, қол көмек үшін, 1 автобус, 9 жеңіл көлікпен өңірдің ерікті жастары апат аймақтарына барды. Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарын жасау үшін самосвал, погрузчик сияқты 105 техника көмекке жөнелтілді. Сонымен қатар, облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан барлығы 37 млн теңге қаржы жиналды. Оның ішінде, облыстық мәслихат депутаттарынан – 27 млн және аудан, қала мәслихат депутаттарынан 11 млн теңге қаражат жиналды.

Осы орайда, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек жолдауға атсалысқан облысымыздың барлық аудандары мен қалаларының халқына, барлық мекемелерге және елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырған қазыналы қарттарымыз бен өнегелі өрендерімізге алғысымды білдіремін.

Облыс әкімінің қолдауымен біздің өңірімізден алдағы уақытта да көмек көрсету жұмыстары бірізді жүргізіле беретін болады.

Ия, жағдай өте күрделі. Дегенмен біз барлығымыз жұмылып, бұл қиындықтан да шығамыз. Түркістан өңірінде орын алған Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқынын да ел болып еңсердік.  Сондықтан, бұл күндер де жаман түстей артта қалып, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін берері сөзсіз.

Құрметті түркістандықтар!

Баршаңызға қолдарыңыздан келгенше көмек беріп жатқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Осындай қиын кезеңде отандастарымызға қолдау көрсетуіміз аса маңызды.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Сол себептен де, сын сағатта халқымызға тән биік парасаттылық пен даналығымызды көрсетіп, барлығымыз жұдырықтай жұмылып, зардап шеккен халыққа көмегімізді аямайық!

 

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы

Нұралы Әбішов