Патернализмнен қалай арыламыз?

68

Қоғамда әр нәрсені сылтауратып жұмыс істегісі келмейтіндер бар. Кейбірі патерналистік, яғни «мемлекет бәрін жасап беруі тиіс» дейтін пиғылдан арыла алмай жүр. Мемлекет тарапынан халықтың жұмыс істеп, әл-ауқатын арттыруға түрлі бағдарламалар бар. Қоғамның бір бөлшегі болу үшін, сөз жоқ, еңбектену қажет. Халқымыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтпаған. Еңбек пен масылдықты кім қалай түсінеді? Патернализмнен қалай арыламыз? Осы және өзгеде ақпараттарды Түркістан облысының тұрғындарының назарына ұсынамыз.

Ал патернализмнен қалай арыламыз деген сауалға жауап іздесек, адам өзі қаламаған жұмысты істегісі келмейді. Бірақ бізде белгілі бір мамандықты бітіріп, қолына дипломын алған соң оған сәйкес жұмыс таба аламай жатқан адамдар да бар ғой. Бұл жерде басты мәселе — еңбек. Қандай жұмыс болса да, адам қашпауы керек. Қазір жұмыс істегісі келетін адамдарға барлық мүмкіндік жасалған. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, тіпті зейнеткерлерге де еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жұмысқа орналасуға әр түрлі бағдарламалар бар. Адам іздегенін табады демекші «екі қолға бір күрек» әрдайым табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында қоғамда патерналистік көңіл күйдің белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.

 Мәселен, аталған Жолдауында Президент: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.

Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деді.