Отбасындағы теңдік бірінші сол әулеттегі әйелге көрсетілетін құрмет

36

Қоғамда барлық азаматтардың өзара құрмет және теңдік құндылықтары маңызды. Осы ретте Түркістан облысының тұрғындарының назарына отбасыдағы теңдік құндылықтарын ұсынамыз. Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы әйел мен ер азаматтың ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. «Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Ал ізгілік отбасынан басталады. Жанұядағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айтқандай «Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері хақ.

Қазақ қай заманда да әйелді отбасының ұйытқысы санап, берекесі деп білген. Себебі ұлтты тәрбиелейтін осы қыз-келіншектеріміз. Бірақ олардың ішкі қажеттіліктері мен жан дүниесінің қалауына ер азаматтарымыз қарсы келіп жатады. «Әйелдің орны ошақ қасы» деген сынды рухани кедергілер әлі де бар. Отбасындағы теңдік бірінші сол әулеттегі әйелге көрсетілетін құрмет, сыйластықтан басталуы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген отбасында әйелдің ішкі дүниесіндегі қажеттілікпен, көзқарасымен, ойымен санаспайды. Ер азаматтар тарапынан психологиялық зәбір көретін келіншектердің саны да баршылық. Тіпті кейбір отбасыларда әйелін тек туыс-туғанымен ғана араластыратын жағдайлар кездеседі. Ойын айтуға тиым салып, орнын көрсетумен келе жатқан азаматтар да, өкінішке қарай бар.

Одан кейінгі ең өзекті мәселе, ер азаматтарымыздың тапқан табысын әйелінің қолына ұстатпауы. Бұл да отбасындағы түрлі ұрыс-керістің негізгі себебі. Әйелді кемсітудің бір түрі. Ақша кімде болса, билік те соның қолында деген шала қағиданы ұстанатын ер азаматтар бар. Соның салдарынан ажырасып жатқан жастар да жетерлік. Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз соның айғағы.