Инклюзивті білім беру – заман талабы

49

Түркістан облысының тұрғындарының назарына ерекше қажеттіліктері бар балалар және олардың дамуындағы ең маңызды мәселе – білім алу екендігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Бүгінде елімізде дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалар саны жыл сайын артып келеді. Қалай болғанда да олар қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде барлық мүмкіндіктерге теңдей ие болу керек. Мұндай балалардың дамуындағы ең маңызды мәселе – білім алу. Бұл ретте мәселе тек құжат пен кәсіп иесі болумен шектелмейді, осындай балаларды әлеуметтендіру міндеттері туындайды. Қазақстанда сол мақсатта инклюзивті мектептер ашу, туризм және театр саласында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Елде бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балалар қарапайым білім беру мекемелерінде оқи алмайтын. Оларды үйден білім алуға немесе арнайы мамандандырылған орталықтарда оқуға жіберетін. Бұл оларды әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу деңгейін арттырмады. Тек Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың басталуымен сең қозғала бастады. Сонымен инклюзивті білім беру дегеніміз не?

Инклюзивті білім беру – жай балалар мен дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды бірге оқыту, яғни балалардың денсаулық жағдайына қарамастан бәріне бірдей тең құқық беру. Инклюзивті білім берудің бірнеше қағидаттары бар: біріншіден, әрбір бала ерекше. Барлық бала дос болуда, білім алуда, үйірмеге баруда, концерт тамашалауда және әрі қарай әлеуметтік даму перспективалары бойынша тең құқылы. Әр бала өз қарқынына қарай дамиды және одан біреуі артық, біреуі кем болып қалмайды. Олардың өзара қарым-қатынасы мейірбандыққа құрылады. Балалардың өзара іс-қимылы олардың дүниетанымын кеңейтіп, академиялық зейін қабілетін дамытады.

Елімізде инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылады? Инклюзия қоғамның гуманистік көзқарасына айналуы керек. Заң жүзінде бұл мәселе шешімін тапты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 26 маусымда «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін одардың даму ерекшеліктеріне қарай білім беру жүйесі шегінде білім алуға жағдай жасауы тиіс (8 бап, 1-1 т). Мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленуде. Заң бойынша мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары олардың қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балаларды, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды да қабылдауы керек.