Патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту еліміздің дамуына оң ықпал етеді
Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік ұғым жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Егер жай сөздермен айтар болсақ, онда бұл ел азаматының өз өмірі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Басқа сөзбен келтірсек, патерналистік құндылықтар өмірлік ұстанымына айналған азаматтар өзінің жетістігін де, сәтсіздіктерін де тек өзінің ұмтылыс-талаптарымен ғана емес, сонымен қатар көп ретте өзі қамқоршы, жарылқаушы деп санайтын мемлекеттің рөлімен де тығыз байланыстырады. «Патернализм» ұғымы «әлеуметтік инфантилизм», «әлеуметтік мұсалдаттық» түсініктеріне өте жақын. Қазір Қазақстанда шынайы жағдай тіптен басқаша.
Сондықтан да ол азаматтарының дүниетанымындағы бұрынғыдан мүлдем өзгеше модельге мұқтаж. Экономикалық дамыған елдердің тұтастай тарихы, олардың жетістіктерінің түп негізінде «капитализм рухының» кең таралуы жатқанын сан мәрте дәлелдеп берді. Өзге елдердегі капитализмнің қалыптасу таңында кәсіпкерлік рухы үлкен рөл ойнады. Ол жеке адамға өз тағдырын өзі ие болып, қажыр-қайратымен кедейшілікті еңсеріп, кәсібін дамытуда басы артық шығындардан саналы түрде бас тартып, табыс табуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс.