БОРАНДА ЖОЛАУШЫЛАР ҚӘУІПСІЗДІГІ ҮШІН ЖОЛДЫ ЖАБУ МӘСЕЛЕСІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

15

Ауданымыз таулы аймақта орналасқандықтан қыс мезгілінде өңіріміздің басқа бөліктерінен қарағанда бұрқасын жел тұрып, боранды күндер көп болады.

Алайда, басқа өңірлерден жолай өтіп бара жатқан жолаушылар мен кейбір көлік жүргізушілері төтеншеліктердің хабарламаларына, ұялы телефонға келген ескертулерге қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалып, өздерін және жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп жатады.

Осы орайда, бүгін аудан әкімі Аскар Естібаев облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Естемесов, аудандық Полиция бөлімінің бастығы Бекарыс Сұлтанов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Арыстан Қоқыров, «ҚазАвтоЖол» мекемесінің учаскіге жауапты өкілдері және жауапты мамандармен боран күндері жолаушылар қауіпсіздігі үшін жолды жабу мәселесін пысықтады.

Бұл жерде ескертуге қарамастан жолға шығуға бел буған жолаушылар көліктеріне кемінде 7 жерге тосқауыл қою мәселесі талқыланды. Ол жерлердің Жамбыл облысы мен Сайрам ауданының шекарасы, яғни Шақпақ пен Машат елді мекендеріндегі уақытша посттарға Полиция департаментінің тиісті батальонының қызметкерлері ал, қалған ішкі жолдарға аудандық полиция бөлімінің жасақтары жауапты болмақ.

Сонымен қоса, басқосуда жолды қардан уақытылы тазалау және тағыда басқа жауапты мекемелер тарапынан бекітілген алгоритмге сәйкес атқарылатын шаралар барысы пысықталды.

Айта кетерлік, соңғы боранда ескертуге қарамастан жолға шығып кеткен көліктер салдарынан кептеліс болып, 60-қа жуық ауыр жүк көлігі, 18 автобус, 120-ға жуық жеңіл автокөлік аудан аумағында қар құрсауында қалып қойған.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі