ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТУ ӨРГЕ БАСУДЫҢ КЕПІЛІ

Еліміздің тұрақты дамуы үшін орта және шағын кәсіпкерлік саласы өте маңызды қызмет атқарады. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өнім өндіріп, өнеркәсіп ашуға ден қойған аудан басшылығы ауқымды істер атқаруда.
Осы орайда өнеркәсіп саласында ірі инвестициялық жоба тартылып, оған Темірлан өндірістік паркінен 10,0 га жер бөлініп, құжаттары рәсімделді. Бұл жерде шетелдік «Tangshan Huating Poreelain Co 6 LTD» компаниясы ірі қара малдың сүйек қалдықтарын өңдеу жобасын іске асырмақ.
Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвестормен кездесіп, жобаға қатысты жоспарларды талқылап, олардың ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты. Әкімдік тарапынан инвесторға қатысты барлық мәселелер уақтылы шешімін табатынын айтты.
Кәсіпкер ұсынған жалпы жоба құны 9,0 млрд. теңге. Жоба толық автоматтандырылып, іске қосылған уақытта 30 жұмыс орны ашылады. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 30 тонна ірі қара малдың сүйегін өңдеуге толық жететін болады.
Өндірістік жобаны іске асыру мақсатында екі тарап ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Осындай оң шешімін тауып жатқан орайлы жұмыстар тұрғындардың табыс көзінің көбейіп, жұмыссыздықтың жойылуына тікелей септігін тигізіп, дамуға серпін бермек.