Жаңа Конституция Жобасы жайында пайым

Әлеуметтік желілерде, ағымдағы баспасөзде Конституцияның жаңа Жобасы жайында халық пікірі түрлі дауыспен айтылу үстінде. Бұл – халқымыздың Өзіміз өмір сүріп отырған қоғам, Өзіміз қолмен құрған мемлекет жайында бұхараның белсенділігінің артуы. Халықтың саясилануы. Айтылған пікірдің әртарапты болуы Жобаны мансұқтау емес. Жобаны ширату үшін.
Әр тарапты пікір әсіресе — Ана тіліміздің мәртебесі жайында айтылуда.
«Конституциялық құрылыс негіздері»Бөлімінің 1 тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі»-деп тасқа қашалғандай етіп жазылған.
Қазақстанның отаншыл патриоттары, мемлекетшіл мүдделі азаматтардың Қазақстан елінің, қазақ жерінің біртұтастығын ойлаған ынтымақты жұрттың ортақ ойы, ортақ тоқтамы, ортақ байламы. ЖОБА-дағы Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл екендігі жайындағы бап – осы ынтымақтың көрсеткіші.
Бұған да бір күнде жеткен жоқпыз.
Күні бүгінге дейін 1). Мемлекет құрушы ұлт. 2) Мемлекет құраушы ұлттар (этностар) атап келдік. Мемлекеттік жүйені осылай құрудың өзі Қазақстан мемлекетін жасаушы халықты ұлтына, нәсіліне қарай жіктеу; бірін бауырға тарту, бірін кеудесінен итеру сияқты психологиялық әсері болушы еді.
Бұрынғы астанамыз – Қызылордада өткен Бесінші Құрылтайда осы Қоғамдық құрылым өзгерді.
Екі Палаталы Парламент бір палаталы Парламентке айналатын болды. Құрылтай аталады. 145 депутаттан тұратын Жаңа құрылым Құрылтай аталады.
Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы бірігіп, «ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ» аталады. Халық Кеңесінде 126 мүше. 42-сі партиялар тарапынан. 42-сі түрлі этнос өкілдері. 42-сі зиялылар, қоғам белсенділері.
Жаңа құрылым осындай. Жаңа Құрылымды еске алып отыруда себеп бар. Жоғарыда айттық. Бұрынғы құрылым: 1) мемлекет құрушы және 2) мемлекет құраушы болып жіктелетін еді ғой.
Енді, біртұтастанған «ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ». Бұл Қазақстанның біртұтас елдігіне бастайтын құрылым. Бұл Қазақстан Елінің, Жерінің біртұтастығын біртұтас халық болып қорғау! Символдық тұрғыдан айтқанда, бұрынғы Абай жолы – абайлау жолы болса, «Халық кеңесі» жолы – дамудың даңғыл жолына айналмақ. Бірақ, ол да оңай болмақшы емес. Бағдар айқындалса, даму жолы анықтала түспек. Анықталған жол – даму кепілі!
Бұрынғы мемлекет құрушы да, мемлекет құраушы да – ендігі жерде біртұтас. Біртұтас халықтың мемлекеттік тілі қай тіл? «ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНЕ» сүйеніп дамыған Мемлекет жасаушы біртұтас халықтың мемлекеттік тілі – қаласаң да, қаламасаң да – ҚАЗАҚ ТІЛІ.
Бесінші Құрылтайда Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақ тілі келешекте халықаралық тілге айналуы керек»-деген ойының сарқып құяр жері міне, осы!
Бұрынғы Конституцияда да «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ, қазақ тіліне осындай аса үлкен, әрі заңды мәртебе беру оңай болған жоқ-ты. Мемлекет құрушы – қазақ ұлты бас біріктіріп, Ана тілімізге мәртебе алып бере салған жоқ. Нәсілі басқа болса да Герольд Белгер, Иван Щеголихин секілді Қазақ тілінің патриоттары қазақ ұлтымен білек біріктіріп, жүзі басқа болса да жүрек біріктіріп, бірге күресіп жүріп Ана тілімізге осындай мәртебе алған едік. Өзіміз де үн қосқанбыз. Үн қосу үлес қосу! Қазақ ұлты Қазақстанда 40 пайыз ғана болып тұрып, Ана тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген ол тартысты күндерді ұмытуға болмайды.
«Конституциялық құрылыс негіздері»Бөлімінің 1 тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі»-деп жаңа ЖОБА-да қайталанып жазыла салғандай көрінуі бек мүмкін. Шындығында олай емес. Бұрын мемлекет құрушы азшылық жәнемемлекет құраушы көпшілік қоғам үдерісін түсінбегендіктен өзара таласып, тартысып жүріп қол жеткізген жетістік еді ол. Жойқын жеңіс! Басты жетістік! Ең бастысы – заңды жетістік! Бүгінгі ЖОБА ше?
Бүгінгі Жобадағы тасқашау жазба біртұтас «ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ» аясында, біртұтас Қазақстан халқы ынтымағының арқасында – табиғи заңдылық есебінде Конститутцияға енгелі отыр. Бұл мемлекет құрушы өз алдына, мемлекет құраушы этностардың дүниетанымының түбегейлі өзгеруінің жемісі де. Қазақстан елі-жұртының біртұтастығын ендігі жерде «ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ» аталатын жаңа ұйым қамтамасыз етуге тиісті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі ретінде Қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне, Республиканың өркениеттік жағдайда дамуының кепілі ретінде өсіп-шарықтауына этносаралық ресми тіл ретінде қызмет етіп келген — орыс тілі де, тіпті этнос тілдері де ендігі жерде қызмет етпей тұра алмайды. Желтоқсан оқиғасына (1986) қатысушы райында айтарым Бейбіт күндерде де, тіпті халықаралық қауіп-қатер сәттерде де біргеміз, қандай жағдайда да ашылмайды іргеміз-дегім келеді. «Халық кеңесі» аясында ынтымақтасатын біртұтас Ел-жұрт Жириновский сынды жерлесіміздің (марқұм), Соловев, Никонов секілді әсіре ұлтшылдардың да арандатуына жол бермейді.
Ендігі бір мәселе – ұлтшыл отаншыл патриоттардың кейбірінің Конституцияда орыс тілінің қосалқы болса да орын алуына қарсылығы жөнінде. Бұл – әрісі 250 жылдық Патшалық Ресейдің отары, беріде 70 жыл «советтік большевизмнің» боданы болған елдің санасында қалған зардапты психологиясы, тіпті сақтық ноталары деуге болады. Оларды күстаналаудың керегі жоқ. Дербес пікір ретінде айтыла береді. Тек арандатудан сақ болғанымыз жөн. Аргументсіз, негізсіз айтыла берсе популизмге айналып кетуі де ғажап емес.
Өз басым олардың мәңгүрттік (Ш.Айтматов) снадан, «көзқамандық» (Р.Бердібай) психологиядан арылмай отырған қазақтармен мәселе ширатуын қалаймын. Қазақ арасында жаны сірі жаман дертке айналған, Қазақ Елінің біртұтастығына аса зор нұқсан келтіріп отырған рушылдық, жүзшілдік шырмауығымен күресуге шақырамын.
Ә, айтқандай осы бір ұлт бойындағы ұнамсыз, ұанмсыз ғана емес, ұятсыз дертпен күресу механизмі Конституцияның бір ішкі тармақшаларында қараламас па екен?
Құлбек ЕРГӨБЕК,














