“БАСТЫ ТАЛАП — САТУШЫЛАРҒА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ”

Шымкент қаласына ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс сапарымен келіп, қаладағы бірқатар сауда нысандары мен базарларды аралады. Арман Абайұлы алдымен ALSERA KZ ЖШС-нің жылыжай кешеніне арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Құны 650 млн АҚШ доллар, ірі инвестициялық жоба 2025 жылы іске асырыла бастады. Жылыжай кешенінің жалпы аумағы — 650 гектар. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта 3 жылыжай салынып, әрбірінде 120-150 адам жұмыс істейді. Жоба толық іске қосылған жағдайда ішкі нарықты жыл он екі ай бойы жаңа піскен көкөніспен қамту мүмкіндігі бар.
Ірі іинвестициялық жобалар ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Министр өндіріс барысын аралап көріп, алдымен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету керектігін айтты. Одан бөлек, өзге де ірі жылыжай кешендерімен тәжірибе алмасудың маңызы зор.
Арман Шаққалиев одан әрі шаһардағы “Алаш” және “Айна” базарын аралап, ондағы сатушыларға және тұрғындарға жасалған жағдаймен танысты. Қазіргі таңда “Алаш” базарын жаңғырту бағытында бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Арман Абайұлы базар басшылары, төтенше жағдайлар департаменті және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдеріне өрт қауіпсіздік талаптары және санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажет екенін ескертті. Dala Mall сауда ойын-сауық орталығында азық-түлік қатарларын аралаған ведомство басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру әрдайым назарда тұру керек екенін атап өтті. Жалпы айтқанда, сауда орындарында қолжетімді баға және тұрғындарға қолайлы жағдайлар болуы тиіс.
Сондай-ақ, ҚР Сауда және интеграция министрі “Аймар-Құс” ЖШС құс фабрикасында болып, ондағы өндіріспен танысты. Кәсіпорын басшысы үшінші кезеңде өндіріс қуаттылығы жылына 140 млн дана жұмыртқа өндіруге дейін артқанын, бүгінде өнімдер көрші өңірлерге жөнелтіліп жатқанынан хабардар етті. А.Шаққалиев ендігі ретте экспорт әлеуетін арттыру керек екенін мәлімдеді.
«Шымкент келбеті»







