ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТЕГІ БІЛІМНІҢ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Жаңа Конституция және мемлекеттік басқарудың ұлттық моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған бұл басқосу қоғамның құқықтық негіздерін нығайтудағы ғылым мен ағартушылықтың негізгі рөлін талқылайтын маңызды алаңға айналды.
Іс-шараны ашқан университет Басқарма мүшесі — Стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Баршагүл ИСАБЕК ұжымды оқу жылында жеткен жоғары жетістіктеріне тоқталып, құттықтады. Биылғы ұлттық рейтингте жоғары оқу орны үздік жиырмалықтың (топ-20) қатарына еніп, 8-орыннан көрінген. Ал еліміздегі педагогикалық университеттер арасында Абай атындағы ҚазҰПУ-дан кейінгі құрметті екінші орынға табан тіреді.
– 89 жылдық тарихы бар біздің университетіміз — білім мен ғылым саласында айтулы табыстарға қол жеткізіп, оңтүстік өңірдің қуатты тірегіне айналып отыр, — деп атап өтті Баршагүл Қашқынқызы.
Проректор академиялық жетістіктердің маңыздылығына тоқтала келе, күн тәртібіндегі басты тақырыпқа ойысты. Ол құқықтық сауаттылықты арттыру — оқытушылар мен студенттер үшін басым міндетке ие екенін жеткізді.
Жиында Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ География кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Нұрмұханбетова «Жаңа Конституция – әділетті қоғамның негізі» тақырыбында баяндама жасады. Ол Ата Заңның өте сауатты жазылғанын және келешек ұрпақ үшін сапалы бағдар беретін өзіндік «жол картасы» екенін атап өтті.
– Конституция — біздің қоғамымыздың құқықтық өрісін нақты айқындайтын іргелі құжат. Жаңартылған нормаларда отбасылық құндылықтар мен азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі сынды маңызды аспектілердің егжей-тегжейлі жазылғанын ерекше атап өткім келеді, — деді Айнұр Нұрмұханбетова.
Спикер, сондай-ақ, құқықтық мемлекетті әрбір адамның жеке жауапкершілігінсіз елестету мүмкін еместігіне назар аударды. Оның пайымдауынша, азаматтар тек өз құқықтарын білумен шектелмей, міндеттерін де адал атқаруы тиіс.
– Адам тек өз құқығын айтып қана қоймай, міндеттерін де бұлжытпай орындауы керек. Егер біз заңды құрметтеп, өзара сыйластық танытсақ және құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоя білсек, шын мәнінде әділетті әрі серпінді дамитын Қазақстанды құрамыз, – деп түйіндеді сөзін Айнұр Нұрмұханбетова.
Басқосуға қатысушылар жоғары оқу орнының академиялық табыстары мен жастардың белсенді азаматтық ұстанымы құқықтық мемлекет құрудың негізі деген ортақ байламға келді. Пікірталас қорытындысы бойынша конституциялық қағидаттарды сақтау, әрбір азаматтың жауапкершілігі және ұлттық құндылықтарға адалдық елдің сапалы дамуының басты шарты екені айтылды.
«Шымкент келбеті»







