«Шаңырақ» бағдарламасымен 557 азамат сатып алу туралы келісімшарт жасасты

770

Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Шаңырақ» несиелік бағыты аясында 557 азамат сатып алу туралы келісім шартын жасасты. Аталған кредиттік пәтер иелерімен Отбасы банк арқылы пәтердің ипотекалық қарыз шартын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Шаңырақ» бағытында өткізілген конкурс нәтижесінде 336 пәтер алуға үміткерлермен сатып алу туралы келісім шартын жасасу жұмыстары жүргізілмек. Жыл соңына дейін Шымкентте 1728 азамат «Шаңырақ» бағыты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізеді.

Айта кету керек, «Шаңырақ» бағдарламасымен биыл «Отбасы банк» өзінің интернет ресурсы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында 27 үйді сату бойынша өтінімдер қабылдаған болатын.

Қазіргі таңда 1-15 қыркүйек аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «5-20-25» бағыты бойынша Отбасы банкі жеңілдетілген пайыздық көрсеткіштегі 192 несиелік пәтерге өтінімдер қабылдау конкурсын жүргізіп жатыр. Аталған кредиттік бағыттағы конкурсқа тұрғын үй кезегінде тіркелген барлық азаматтар қатыса алады. Ол үшін Отбасы банктің «baspana.otbasybank.kz» порталы арқылы онлайн өтінім жіберсе болады.